Кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін 2,5%-тік микрокредиттерге 7 мыңнан астам өтінім келіп түсті.
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
1 қарашадағы жағдай бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 5 205 жобаны мақұлдады. Биыл жалпы 5 796 микрокредит беру жоспарланып отыр. Жеңілдетілген кредиттің мөлшері – 5 миллион теңгеге дейін, оны кез келген мақсатқа бес жылға алуға болады. Ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін кредиттің мерзімі — жеті жылға дейін, — делінген хабарламада.
Микрокредит алуға өтінімдердің ең көбі оңтүстіктен түскен. Олар:
- Түркістан облысы (970);
- Жамбыл облысы (786);
- Қызылорда облысы (642);
- Шымкент қаласы (466);
- Астана қаласы (456).
Қазіргі кезде конкурстық комиссиялар мақұлдаған 5 205 жобаның ішінде 4 554 жобаға кредит берілді. Кредит алушылардың басым бөлігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп саласын таңдап отыр. Кредит алу үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек. Ал өтінім беруші 21-35 жаста болуы шарт. Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі, ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды, — делінген хабарламада.