Жастардың 4,5 мыңнан астам жобасына жеңілдетілген микрокредит беріледі

1 қазандағы жағдай бойынша «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін жылдық мөлшерлемесі 2,5%-тік жеңілдетілген микрокредит алуға 6,7 мың өтінім түсті.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл жалпы 5 796 микрокредит беру жоспарланған. Қазірдің өзінде 4 502 жоба мақұлданды.

Микрокредиттің мөлшері 5 миллион теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – бес жылға (кез келген мақсатқа) немесе жеті жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін). Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-тен аспайды.

Микрокредит алуға өтінімдердің ең көбі Түркістан (910), Жамбыл (651), Қызылорда (565), Батыс Қазақстан (437), Қарағанды (426) облыстарынан және Шымкент қаласынан (409) түсті, — деп жазылған хабарламада.

Конкурстық комиссиялардың шешімімен 4 502 жоба мақұлданды, оның ішінде 3 914 жобаны іске асыруға кредит берілді. Кредит алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп саласын қамтыды.

Сонымен қатар микрокредит 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, бес жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Бұл ретте қатысушылардың «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға өтініммен жүгінген уақыттағы жасы ескеріледі.

Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі, ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.

Кепіл қою міндетті шарт болып саналады. Осы жылдың қыркүйегінен бастап жастарға жылдық 2,5% жеңілдікпен микрокредит беру үшін қабылданатын кепілді мүлік түрлерінің тізбесі кеңейтілді.

Сонымен, кепілмен қамтамасыз ету ретінде қосымша қабылданады:

  • екінші деңгейдегі банктердегі шоттарда орналастырылған ақша қаражаты;
  • республикалық маңызы бар қалаларда, облыстық маңызы бар қалаларда, аудан орталықтарында, облыстық және аудандық бағыныстағы қалаларда, сонымен қатар ауылдарда және ауылдық елдімекендерде жылжымайтын мүлік;
  • жеке меншік құқығындағы/бастапқы ұзақ мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) (егістік) құқығындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері;
  • жайылымдарды суландыру және қоршау инфрақұрылымы бар жер учаскелері;
  • бау-бақша өсіруге арналған жер учаскелері;
  • мамандандырылған техника.

Кепілзат болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады.

Өтінім беру үшін құжаттар пакетін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет.

Қажет құжаттар тізімі:

  1. жеке басын куәландыратын құжат;
  2. жоба бойынша бизнес-жоспар;
  3. шоттың болуы туралы қызмет көрсететін банктен анықтама;
  4. кредиттік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер болған кезде);
  5. қатысушының/үміткердің жалақысын және (немесе) өзге де табыстарын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме) болған кезде;
  6. кепілді қамтамасыз ету ретінде берілетін мүлікті бағалау туралы есеп;
  7. кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.

Микрокредиттер арнайы комиссияның шешімі негізінде беріледі, оның отырыстарында үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын таныстырады.