Министр: Астық қоры елді нанмен қамтамасыз етуге жетеді

Биыл жиналатын астық елді нанмен толық қамтамасыз етуге жетеді. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жалпы жиналатын астық 16 миллион тонна (бидай 11,3 миллион тонна) болды. 3 миллион тонна көлеміндегі ауыспалы астық қалдықтарын ескерсек, елді нан, ұн және макарон өнімдерімен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті, – деді Айдарбек Сапаров үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 4,7 миллион тонна астық құйылды, оның ішінде 1,8 миллион тонна – 3-сыныпты астық.

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын алаң 24 миллион гектар болды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 652 мың гектарға көп. Оның ішінде астық жиналатын алаң – 17,1 миллион гектар.

Қазіргі таңда барлық өңірде егін орағы аяқталуға жақын. Облыс әкімдіктерінің мәліметінше, 16,9 миллион гектар (98,7%) астық жиналған. Орташа өнімділігі 9,7 ц/га бастапқы салмақта 16,4 миллион тонна астық бастырылды, оның 11,4 миллион тоннасы –бидай (өнімділік 8,6 ц/га).

Егер дақылдар бөлінісінде қарасақ, бидай жиналатын алаң 13,4 миллион гектар болды, өнімділігі – 8,6 ц/га, 11,4 миллион тонна бастырылды. Майлы дақылдар 1,9 миллион гектар немесе 68%. Орташа өнімділігі 8,4 ц/га болғанда 1,6 млн тонна май тұқымы жиналды. Оның ішінде күнбағыс орташа өнімділігі 11,6 ц/га болып, 747,5 мың тонна бастырылды. Картоп 168,8 мың гектар аумақтан толығымен жиналды, жалпы өнімділігі 206,4 ц/га болып, 3,5 миллион тонна болды. Көкөніс дақылдары 162,4 мың гектар алаңнан жиналды, өнімділік – 263,7 ц/га, 4,3 миллион тонна, — деді министр.