Қазақстандық диқандар астықтың 86%-ін жинады

Бүгінгі күні Қазақстанда 14,9 миллион гектар дәнді дақыл жиналды, бұл — жоспарланған алаңның 86,2%-і. Орташа өнімділігі 9,2 ц/га болған кезде 13,6 миллион тонна астық бастырылды.

Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Биылғы вегетация кезеңінде фермерлер бірқатар қиындыққа тап болды.

Оңтүстік аймақтарда құрғақшылық болды, ал солтүстікте қатты жаңбыр жауды, бұл егіннің жай-күйіне және жиналған дақылдың сапасына әсер етті.

Мемлекет басшысының ауа райынан зардап шеккен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасы шеңберінде мынадай шараларды қабылдау ұсынылды:

  • форвардтық сатып алу шеңберінде «Азық-түлік корпорациясының» сатып алу бағасы 3-класты бидай үшін 120 мың теңге және 4-класты бидай үшін 105 мың теңге мөлшерінде белгіленсін;
  • форвардтық сатып алу және тауарлық кредит бойынша фермерге айыппұл төлемей немесе 1,05 немесе 5% коэффициенті бойынша 3-класты бидайды 4-класқа ауыстыру жолымен ақшалай қаражатпен міндеттемелерді орындауға мүмкіндік беру;
  • міндеттемелерді орындауға мүмкіндігі жоқ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 3% мөлшерінде банк сыйақысын өтей отырып, шартты орындау мерзімін бір жылға ұзартуға мүмкіндік беру.

Сонымен қатар шаруалар «Азық-түлік корпорациясы» астықты фермерлерден, әсіресе жемдік бидайдан тікелей сатып алуды сұрайды. Бұл астық нарығына әсер етіп, сол арқылы астық өндірушілердің қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Баяндалғанды ескере отырып, 350 мың тонна көлемінде тікелей сатып алуға мынадай баға ұсынылды:

  • 4-класты бидай — 105 мың теңге,
  • 5-класты бидай — 90 мың теңге,
  • класқа жатпайтын бидай — 70 мың теңге.

Бұл ретте сатып алу бюджеттен тиісті қаражат бөлінгеннен кейін жүзеге асады.