2 қарашадан бастап еліміздің барлық кинотеатрында — мемлекет қауіпсіздігі мен ел тұрғындарының өміріне аса қатер төндіретін қылмыстарға қарсы жедел әрекет ететін «Бүркіт» арнайы жасағы туралы фильм прокатқа шығады. Кинокартина мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қаржыландыруымен түсірілген.
Фильмде «Бүркіт» арнайы жасағының сарбаздары «күрең берет» кию құқына ие болу үшін сынға түседі.
Кеше Алматыда фильмнің ресми тұсаукесері өтті. Шараға әскери шенділер, танымал шоу-бизнес өкілдері, журналистер және басқа да қонақтар қатысты. Тұсаукесерді киноорталықтың басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали ашты.
Елімізде бүгінгі күні 200-ге жуық «күрең берет» иегері бар екен. Күрең берет кию мәртебесіне арналған біліктілік сынағынан өту – жауынгерлік рухтың белгісі. Сондықтан жаңа фильміміз жастарды Отанға деген адалдық пен риясыз махаббатқа тәрбиелейді деп сенеміз, — деді Құрманбек Жұмағали.
Фильмнің режиссеры – Данияр Ибрагимов. Бұл картина — оның дебюттік жұмысы. Бұған дейін Данияр «Қазбат» және «Алтыншы бекет» әскери фильмдеріне продюсер болған.
Фильмге Дәурен Серғазин, Санжар Мәди, Асылхан Төлепов, Гүлназ Жоланова, Әсел Сағатова, Жандос Айбасов және Азамат Сатыбалды сияқты танымал актерлар түсті. Манымал музыкант Ғалымжан Молданазар да антагонист кейіпкердің рөлін сомдап шықты. Басты рөлдегі актерлер түсірілім жұмыстарына кіріспес бұрын бірнеше апта бойы жауынгерлік оқу-жаттығуларына қатысып, тактикаларды үйренген.
Фильмге түсу үшін арнайы нормативтерді тапсырдық. Шын сарзбаздардан айырмашылығымыз болмады. 30 келіден ауыр форманы киіп жүрдік. Бір эпизодтың түсірілімі кезінде арқамды оңбай жарақаттап алдым. Бір апта бойы емделуіме тура келді. Каскадер болғандықтан, барлық трюкті өзім жасауға тырыстым, — дейді актер Санжар Мәди.
Киноның түсіріліміне арнайы жасақ, әскери техника және авиация, екі жүзден астам белсенді әскери қызметші қатысқан. Жедел-іздестіру шаралары арқау болған картинаның кейбір эпизоды шынайы оқиғаға негізделген. Түсірілім жұмыстары Алматы облысының көрікті жерлерінде, Қонаев қаласында, Есік көлінің тауларында және Іле өзені бойында өтті.
«Burkit» экшн фильмі 2 қарашадан бастап барлық кинотеатрда қазақ және орыс тілдерінде шығады.