Костенко шахтасының 27 кеншісі ауруханада жатыр

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Костенко шахтасындағы апаттан аман шыққан кеншілердің денсаулығы туралы мәлімдеді.

Костенко шахтасындағы жағдай бойынша облыстық жедел штаб жұмыс атқарып жатыр. Бүгін таңертең медициналық мекемелерде 27 адам жатыр. Біреуінің жағдайы ауырға жақын, 24-і орташа және екеуі бірқалыпты. Барлық пациенттер медициналық көмек алып, оңалтудан өтіп жатыр. Қаза болған әрбір кеншінің отбасына меморгандардың басшылары мен депутаттар бекітілді, — деді облыс әкімі үкімет отырысында.

Сонымен қатар облыс басшысы қаза болған кеншілер отбасыларының әлеуметтік портерті жасалғанын айтып өтті.

Көпбалалы отбасылар, сонымен қатар жалғыз асыраушысы және кәмелетке толмаған баласы бар отбасылар анықталды. Қаза болғандардың ипотека және басқа да несиелері мен тұрғын үй жағдайы туралы ақпарат жиналды. Қаза болғандардың отбасына мемлекет тарапынан материалдық көмектің барлық түрі түсіндіріліп жатыр. «АрселорМиттал Теміртау» жерлеу шығынын ұйымдастыру және төлеу бойынша міндеттемесін орындап жатыр. Компанияның қалған міндеттемелері кезең-кезеңімен орындалады. Оны облыс әкімдігі бақылауда ұстайды. Зардап шеккендер және олардың отбасына көмек көрсетіліп жатыр, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Еске салайық, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Костенко атындағы шахтасында 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болды. Апат кезінде 252 адам жер астында болған, оның 205-і жер бетіне шығарылды.

Шахтадан 46 кеншінің мәйіті табылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.

Үкіметке кеншілердің отбасыларына көмек беруді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сонымен қатар «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.

Шахтадағы өрт фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Мемлекет басшысы ертең, яғни 29 қазанды елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялайтынын айтты.