29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында қайғылы оқиға салдарынан қаза болған кеншілердің отбасыларымен және туған-туыстарымен кездесіп, көңіл айтты.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президент апаттың мән-жайын анықтау, кеншілерді құтқару және зардап шеккендер мен қаза болғандардың отбасыларына шұғыл көмек беру жөнінде қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы ертең, яғни 29 қазанды елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялайтынын айтты.

Еске салайық, Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада болған өрттен қаза болған кеншілер саны 21-ге жетті, 23 кенші әлі де жер астында.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.

Үкіметке кеншілердің отбасыларына көмек беруді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сонымен қатар «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.

Шахтадағы өрт фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.