Давид Дегтярев пен Ақмарал Науатбек Азия пара ойындарының чемпионы болды

Пара пауэрлифтер Давид Дегтярев пен пара дзюдошы Ақмарал Науатбек Ханчжоуда өтіп жатқан Азия пара ойындарының алтын жүлдесіне ие болды. 

Бұл туралы туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Давид Дегтярев 54 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп,187 кг көтерді. Екінші орынды иеленген қытайлық Янг Yang Jinglang 185 кг, ал үшінші орында вьетнамдық спортшы An Nguyen 184 кг көтерді.

Ақмарал Науатбек
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Ақмарал Науатбек пара дзюдодан J2 cанаты бойынша 48 келі салмақта жеңіске жетті. Ақтық сында ол Қытай спортшысы Ли Личиннен басым түсті.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спортшыларға жеңіс оңай келмегенін атап өтіп, чемпиондарды жарқын жеңісімен құттықтады.

Айта кетейік, 22-28 қазан аралығында өтетін спорттық додаға 43 мемлекеттен 4 000-ға жуық спортшы қатысады. Байрақты бәсекеде 131 спортшымыз 14 спорт түрінен өнер көрсетіп, 485 медаль жиынтығын сарапқа салады.