Ерлан Қошанов төлем қабілеті жоқ қазақстандықтарға кредит алуға тыйым салуды ұсынды

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов төлем қабілеті жоқ қазақстандықтарға кредит алуға тыйым салуды ұсынды. 

Ол кредит беруге талаптарды заңнамалық деңгейде қатаңдату қажет деп есептейді.

Төлеуге шамасы келмейтін азаматтарға кредит беруге тыйым салу керек. Онлайн несиелеуді қатаң реттеген жөн. Кредит берудің шарттарын қайта қарастыру керек. Жеке тұлғаларға берілетін несиелердің шекті сыйақы ставкасын төмендету маңызды, — деді Ерлан Қошанов парламенттік тыңдауда.

Сонымен қатар спикер осындай кредиттерді коллекторлық ұйымдарға сатуға толығымен тыйым салуды ұсынды.

Кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар жалғыз баспанасынан айырылып, көшеде қалмауы керек. Мұның бәрі заң деңгейінде бекітілуге тиіс. Бұл мәселенің шешімінің артында миллиондаған адамның тағдыры тұрғанын есте ұстаған жөн. Сол себепті бүгін халықтың шамадан тыс қарыз жүктемесін төмендету шараларын талқылап, нақты шешімге келу керек, — деді мәжіліс төрағасы.