1,7 миллион қазақстандық кредитін төлей алмай отыр

Қазір халықтың 84%-інде, яғни 8,4 миллионнан астам адамның қарызы бар. Бұл туралы мәжілістегі «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру» тақырыбындағы парламент тыңдауында палата төрағасы Ерлан Қошанов айтты.

Қазір банктерден шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен батып отырған азаматтарымыз көп. «Халық несие қамытын киіп отыр» десе де болады. Адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігі үлкен әлеуметтік проблемаға айналды. Бүгінгі жиында біз осы түйткілді жан-жақты талқылаймыз. Осы мақсатта жауапты органдарды – үкімет мүшелерін, агенттіктер мен құзырлы мекемелер басшыларын арнайы шақырдық. Өздеріңіз білесіздер, мемлекет басшысы жолдауында несие мәселесіне кеңінен тоқталып, оны шешу жолдарын қарастыру туралы тапсырма берген болатын. Депутаттар да бұл түйткілмен жақсы таныс. Өйткені, біз аймақтарға жиі шығамыз. Менің өзім де талай өңірде болып, халықпен жүздестім. Көбінің айтатыны бір нәрсе, ол – несиеге тәуелділік. Бұл, өкінішке қарай, жалпыхалықтық сипат алған құбылысқа айналып тұр, – деді Ерлан Қошанов.

Палата спикерінің айтуынша, қазір халықтың 84%-інде, яғни 8,4 миллионнан астам адамның қарызы бар екен. Кейінгі 1,5 жылда бұл көрсеткіш 27%-ке артқан.

90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 триллион теңге. Демек, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді, – деді мәжіліс төрағасы.