Биыл FlyArystan жеке компания болып қайта құрылады

FlyArystan биыл Air Astana компаниясынан бөлініп шығады. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайыловтың мәжіліс депутаттарының сауалына жауабында айтылған.

Бүгінгі таңда FlyArystan құрылымдық бөлімшесін жеке заңды тұлғаға бөлудің кезеңдік жоспары әзірленді. FlyArystan АҚ жарғысы бекітілді. Сонымен қатар қайта тіркеу рәсімдері жүзеге асырылады. Компанияның ұйымдық құрылымын қалыптастыру, әуе кемелерін беру және FlyArystan АҚ қызметінің басқа да бағыттары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның ішінде кірістер мен шығыстарды бөлек есепке алуды енгізу көзделген, — деді үкімет басшысы.

Оның айтуынша, FlyArystan АҚ пайдаланушының жеке сертификатын алуға құжаттарды беруді биыл төртінші тоқсанда жоспарлап отыр.

Бұл іс-шаралар бәсекелестік ортаның дамуына, нарық субъектілері арасындағы бәсекелестік жолымен авиабилеттер құнының төмендеуіне оң әсер етеді. Жалпы, авиатасымалдау мәселелері тұрақты бақылауда, — деді премьер-министр.