Теңге неге әлсіреді? Ұлттық банк түсіндірді

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жаһандық инвесторлармен кездескенде теңгенің не себепті әлсірегенін түсіндірді. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Банк төрағасы оның бірнеше фактор бар екенін айтты. Олар:

  • АҚШ долларының жаһандық деңгейде күшеюі (дамыған елдердің валюталар қоржынына қатысты АҚШ долларының индексі қыркүйекте 2,5%-ке өсті);
  • импорттаушылардан маусымдық сұраныстың артуы;
  • базалық мөлшерлемені төмендету бойынша қабылданған шешім Үкіметтің квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді міндетті түрде сату туралы норманы қолдануының тоқтатуы.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, осы факторлардың жиынтығы теңге бағамының қысқамерзімді әлсіреуіне әкелді.

Маңызды факторлар тұрғысынан алып қарағанда, мұнай бағасының өсімі мен төлем балансының жалпы жағдайы тұрақтандырушы әсерге ие болып, ұзақ мерзімде теңгеге қолдау көрсетеді, – делінген хабарламада.

Ол Ұлттық банк баға тұрақты етуде өзінің негізгі мандатынан ауытқымайтынын айтты.

Ұлттық Банктің негізгі міндеті – проинфляциялық қысымды жұмсарту және инфляцияны ортамерзімді мақсатқа жақын 5% деңгейінде тұрақтандыру. Барлық күш-жігер осы мақсатқа жетуге бағытталады. Алайда, теңгенің айырбас бағамы еркін өзгермелі қалпында қала береді. Сонда ғана экономика кез келген өзгерістерге тез бейімделетін болады – деді Ұлттық банк төрағасы.