Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

AI-Sana: Қазақстан жасанды интеллект мамандарын қалай даярлап жатыр?

Фото: gov.kz
Қазақстанда цифрлық экономикаға білікті кадрлар даярлауға бағытталған AI-Sana ұлттық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Жасанды интеллект бүгінде білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік басқару сияқты көптеген саланың дамуына ықпал ететін маңызды технологиялардың біріне айналды. Осыған байланысты елімізде AI технологияларын әзірлей алатын және тиімді қолданатын мамандарды даярлау басым бағыт ретінде белгіленді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Мемлекет басшысы Үкіметке білім беру, ғылыми зерттеулер мен технологиялық кәсіпкерлікті біріктіретін AI-Sana бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыруды тапсырған болатын.

Президент өз сөзінде: «ЖИ технологиялары саласындағы отандық және халықаралық білім беру бағдарламалары еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруға үлес қоса алады. Үкіметке жасанды интеллект бағытында маман даярлауға арналған AI-Sana бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру мәселесін қарастыруды тапсырамын. Аталған бағдарлама оқу, зерттеу және стартаптарды әзірлеу үдерістері тоғысатын динамикалық экожүйені қалыптастыруға ықпал етуге тиіс. Әлемнің жетекші университеттерінің акселерация тәжірибесін қолданған дұрыс. Жасанды интеллектінің пайдасын Қазақстанның әрбір тұрғыны білуі керек. Оның не үшін қажет екенін, қалай дұрыс қолданылатынын ыждаһаттықпен түсіндірген жөн», — деп атап өтті.

Осы тапсырмаларды орындау мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект элементтерін енгізіп, оқытушылардың біліктілігін арттыру мен ғылыми инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жүргізіп келеді.

697 мыңнан астам сертификат берілді

AI-Sana бағдарламасы инженерлерді, зерттеушілерді және технологиялық кәсіпкерлерді даярлауға бағытталған. Бағдарлама аясында студенттер жасанды интеллект құралдарын меңгеріп қана қоймай, оларды нақты жобалар мен технологиялық шешімдер әзірлеуде қолдануға мүмкіндік алады.

Бағдарламаның алғашқы кезеңінде базалық AI-құзыреттер бойынша білім алған студенттерге халықаралық білім беру платформалары арқылы 697 мыңнан астам сертификат табысталды.

100 мың студент AI-кәсіпкерлікті меңгеріп жатыр

Бағдарламаның екінші кезеңі тәжірибелік дағдылар мен кәсіпкерлік құзыреттерді дамытуға бағытталған.

2026 жылдың сәуірінен бастап «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен 100 мың студент жасанды интеллект саласындағы кәсіпкерлік негіздерін оқып жатыр. Бағдарлама мазмұнын Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Пол Ким әзірлеген.

Алдағы уақытта қатысушылар командалар құрып, өздерінің технологиялық жобаларын әзірлейді. Кейін бұл бастамалар Astana Hub пен QazInnovations ұйымдарының қатысуымен инкубация және акселерация бағдарламаларына ұсынылады.

Халықаралық сарапшылар тартылған

AI-Sana бағдарламасының екінші кезеңін іске асыруға әлемнің жетекші университеттері мен технологиялық ұйымдарының сарапшылары қатысып отыр.

Олардың қатарында Stanford University, Massachusetts Institute of Technology, Carnegie Mellon University, University of California, Berkeley, Georgetown University және Boston University өкілдері бар.

Оқу материалдары Пол Кимнің жетекшілігімен америкалық Zemex Inc. компаниясының қатысуымен әзірленіп жатыр.

Мақалаға реакция