Премьер-министр Әлихан Смайылов фермерлер үшін ауа райының қолайсыздығы форс-мажорлық жағдай ретінде танылып, субсидиялар толық көлемде төленуі керек екенін айтты. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды.
Биылғы жыл еліміздің егіншілері үшін қолайсыз болды. Жаздың екі айындағы аптап ыстықтың соңы күзгі жауын-шашынға ұласты. Бұл, әрине, астықтың түсімін азайтып, жұмыс қарқынын едәуір бәсеңдетіп жіберді. Дегенмен егін ору науқанын қаржылай және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін барлық қажет шаралар қабылданды. Астықты өңірлерде осы айдың соңына дейін қатты жаңбыр жауады деген болжам жоқ. Сондықтан осы мерзім ішінде барынша үлгеріп қалу керек, — деді Әлихан Смайылов.
Ол еліміздің солтүстік өңірлеріндегі ауа райының қолайсыз болғандықтан, мемлекет басшысы үкіметке астық өндіретін фермерлер мен шаруа қожалықтарына қажет көмек беруді тапсырғанын еске салды.
Энергетика министрлігі астықты кептіру үшін қосымша көлемде дизель отынын бөледі. «Бәйтерек» холдингі несиелер бойынша қарыздарды қайта құрылымдап, қолайсыз ауа райынан зардап шеккен фермерлер үшін айыппұл санкцияларын салмай, Азық-түлік корпорациясының желісі арқылы тауарлық несие мерзімін ұзартып отыр. Ауа райының қолайсыздығы форс-мажор жағдай ретінде танылуға тиіс. Субсидияларды толық көлемде төлеу керек, деді премьер-министр.
Премьер-министр астық таситын вагондарды уақтылы беріп, теміржолда ұзын-сонар кезек болдырмауды талап етті.