Ойын десе, ішкен асын жерге қоятын адамдар үшін тағы бір жақсы жаңалық бар! ASUS компаниясы ойынға арналған ROG Zephyrus M16 2023 (GU604) ноутбугын шығарды. Baribar.kz жаңа құрылғыны дизайнер, әуесқой ойыншы Бейбарыс Бақтаевпен бірге шолып шықты.
Сырт көрінісі
ROG Zephyrus M16 — қуатты, өнімділігі жоғары жаңа модель. Процессоры — Intel® Core™ i9-13900H сериясының 13-буыны. Бейбарыстың айтуынша, ROG Zephyrus M16 — өзі көрген ең әмбебап ноутбук. Себебі ол ойынға, жұмысқа сабаққа және тағы басқа іспен айналысуға арналған. Ал мұндай комбо ойын ноутбуктары арасында сирек кездеседі.
Әдетте ойын ноутбуктарының пішіні үлкен, жалпақ, бұрышының, жақтауларының формасы әртүрлі болады. Көргенде-ақ ойынға арналғанын білесің. Ал ROG Zephyrus M16 ноутбугы ойынға да, жұмыс істеуге де ыңғайлы етіп шығарылған екен. Өзі шағын әрі әдемі. Басқа ойын ноутбуктарымен салтырсақ, салмағы да әлдеқайда жеңіл. Кез келген жерде жаныңда алып жүресің. Офисте де жұмыс істеп отырсаң, көп орын алмайды, — дейді Бейбарыс.
Ойын ноутбугына түсетін салмақ көп болғандықтан, компаниялар оны барынша сапалы етіп жасауға тырысады, сол себепті көбі ауыр болып жатады. Бұл — қалыпты нәрсе. Дегенмен ASUS осы жолы салмағына да мән беруді ұмытпапты. Бұл құрылғысы Бейбарыс айтқандай-ақ жеңіл — небәрі 2,1 келі.
Әзірлеушілер ноутбуктың қырларын жылтырап тұратындай етіп арнайы жасаған. Бейбарысқа мұнысы да ұнады.
Жарық диодтарын бар AniMe Matrix дисплейі
ROG Zephyrus M16 ноутбугының экранының арт жағында жарқ-жұрқ етіп тұратын жарық диодтары бар AniMe Matrix дисплейі кез келген адамның назарын өзіне аударады. Жарық диодтары арқылы түрлі кескін шығаруға болады. Мысалы, мына суретте ROG Zephyrus M16 құрылғысының OMNI деген бойтұмары бейнеленген.
Айтпақшы, OMNI құрылғы иесінің көмекшісі іспеттес. Ол қуатқа, экранға, желдеткішке және тағы басқаға қатысты ақпаратты береді. Ал экран артынан оның түрлі эмоциядағы кейпін шығарып қоюға болады.
Оған қоса ол жерде ноутбук атауы мен логотипі де шығып тұрады. Ең ұтымдысы — бұл жазуды өзің қалаған мәтінге ауыстыруға болатынында. Есіміңізді жазсаңыз да, логотипіңізді қойсаңыз да, өз еркіңіз.
Кооркиңде отырғанда жарық диоды жанып тұрса, өзіңіз де, ноутбугыңыз да елден ерекшеленеді, — дейді дизайнер.
Бейбарыс ноутбуктың өзінде бар бір ойынды ойнап көрді. Жарық диодтарының арқасында оның ойнаған ойынын экранның екі жағынан да көріп тұрдық. Экранның арт жағында отырған адам ойыншының қалай ойнап жатқанын, жеңгенін де біліп отыра алады. Күшті емес пе?
Айта кетері, Zephyrus M16 ноутбугы — жарық диодтары бар AniMe Matrix дисплейіне ие ROG-тың екінші құрылғысы.
Жалпы сипаттамасы: процессор, видеокарта, экран, пернетақта, тачпад
ROG Zephyrus M16 құрылғысының дисплейі — 16 дюйм болатын ROG Nebula HDR. Ноутбуктың экраны қаншалық жарық болса, далада немесе ғимарат ішінде экрандағы кескін соншалық жақсы көрінеді. Кәдімгі ноутбуктардың дисплейінің жарығы — 300 кд/м², Nebula дисплейінікі — 500 кд/м². Ал Nebula HDR жарығы 1100 кд/м²-ге дейін жетеді. Енді, ROG Zephyrus M16 дисплейінің қаншалық мықты әрі жақсы екенін түсініп тұрған шығарсыз.
Ноутбуктың жиілігі — 240 Гц. Видеокартасы — NVIDIA GeForce RTX 4090.
Менің компьютерімнің жиілігі — 166 Гц. Компьютер клубтарындағы құрылғылардың өзінде 166-200 Гц. Бұл ноутбукты әлдеқайда көп екен, — деді Бейбарыс.
Бейбарыстың айтуынша, ROG Zephyrus M16-дің экраны үлкен, шетіндегі жақтауы аз. Бұл ойын әлемін кеңінен көруге мүмкіндік береді. Одан кейін пернетақталары ыңғайлы. Секіру, жүгіру, ату сияқты әрекеттерді оңай істеуге болады. Оның үстіне пернетақта түрлі түсте жанып тұрады. Бұл түнде ойнағанда көмегін береді.
Әдетте адамдар ойынды тышқан арқылы ойнайды. Дегенмен Бейбарыс осы жолы тачпад арқылы ойнап көрді. ROG Zephyrus M16 тачпады жылжытуға ыңғайлы етіп жасалған. Мәселен, ойында аса қырағы болған жөн. Жау шабуылдауы мүмкін болғандықтан, жан-жағыңа қарап жүру керек. Өзіңе керек заттарды да іздейсің. Айналаңды бақылауға, шолуға тачпад көмектеседі.
Интеллектуал желдеткіші
Бейбарыстың айтуынша, ноутбук оңай ашылып-жабылады. Құрылғыны ашқанда пернетақта орналасқан бөлігі сәл көтеріледі де, астындағы желдеткіштен ыстық ауа тезірек шығады.
Ноутбуктың үш желдеткіші және жеті жылыту құбыры бар. Жылыту құбырлары арқылы құрылғының процессоры мен видеокартасы ғана емес, басқа да бөліктері мен жүйелері суытылады. Бұл ноутбукты ұзақ әрі тиімді қолдануға мүмкіндік береді.
Оған қоса желдеткіш бірнеше режим бойынша істейді.
Ойын құрылғыны тез қыздыратындықтан, желдеткішті тез айналдыратын режимі — Turbo режимі автомат түрде іске қосылады. Оның сәл даусы шығады, есесіне ноутбукты тез суытып отырады. Ал кәдімгі күнделікті өмірде жұмыс істегенде, басқа затпен айналысқанда Silent режимі қосылып тұрады. Оның дыбысы мүлдем шықпайды, — дейді дизайнер.
Адам желдеткіш режимін өз бетімен басқарып отыруына да болады.
My ASUS бағдарламасы
My Asus бағдарламасы ұялы телефон мен ROG Zephyrus M16 ноутбугын байланыстыруға мүмкіндік береді. Ол үшін қолданушы ұялы телефонына My ASUS қолданбасын жүктеп алуы керек. Кейін сол арқылы ноутбугына қажет суретті, құжаттарды жібере алады. Оған қоса ноутбугының жұмыс үстелін телефонынан көре алады.
Мәселен, сіз сыртта жүрсіз делік. Бірақ сізге шұғыл түрде үйде жатқан ноутбугыңызда сақталған бір құжат керек болды. Мұндай жағдайда ROG Zephyrus M16 иелері My ASUS бағдарламасы арқылы ноутбугын телефонына жалғап, әлгі құжатын емін-еркін ала алады.
Мұндай қашықтан басқаруды басқа компьютерлерге де қосуға болады. Бірақ ол үшін Google-ға кіріп, өзің орнатуың керек. Ал мұнда дайыны бар екен, — дейді Бейбарыс.
Қуаттағышы
Ноутбуктың екі қуаттағышы бар. Оның біреуінің жалғағышы — Type-C. Оған қоса ASUS ROG Zephyrus M16 құрылғысында USB-ді, Type-C-ді жалғауға және флеш-картқа арналған орын бар.
Қорытындыласақ, ASUS ROG Zephyrus M16 ноутбугынын шолып, мынадай артықшылығын айтуға болады:
- басқа ойын ноутбуктарына қарағанда жеңіл;
- түрлі мақсатта қолдануға болады;
- дизайны ерекше;
- ұялы телефонмен байланыстыратын арнайы бағдарламасы бар;
- экраны жарық;
- пернетақтасы мен тачпады ыңғайлы.