Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев кейбір өңірлерде құрғақшылықтан егістік алқаптары қурауына байланысты нан бағасы өсе ме деген сұраққа жауап берді.
Министрдің айтуынша, қазір бидай мен дәнді дақылды өнімдер бағасының өсуі потенциалы байқалмайды.
Сол себепті біздің жоспарымыз бойынша ұн, нан бағасы тұрақты болады. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы қорында бидай жеткілікті. Ішкі нарықтың, тұтынушылардың сұранысын толықтай өзіміз қамтамасыз етеміз, — деді Ербол Қарашөкеев үкімет кулуарында.
Бұған дейін ауыл шаруашылығы министрлігі 181 мың гектар немесе астық дақылдарының 1%-і жойылғанын мәлімдеді.
Қырғызстан жағынан судың аз келіп түсуіне байланысты Жамбыл облысында шамамен 7,8 мың гектар жер зардап шекті. Соның ішінде қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдың алаңы 1,2 мың гектар болды.
Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша дәнді дақылдар егісінің 45,1%-і (7,8 миллион гектар) жақсы, 46%-і қанағаттанарлық (8 миллион гектар) және 7,5%-і нашар күйде (1,3 миллион гектар).