«Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі қайтыс болды

75 жасында «Дос-Мұқасан» ансамблін құрушылардың бірі Александр Литвинов өмірден өтті. Бұл туралы ансамбльдің ресми парақшасында жазылды.

Бүгін түнде 75 жасында Литвинов Александр Михайлович өмірден өтті. Ол біздің ансамбльдің құрушылардың бірі, барабаншы болды. «Дос-Мұқасан» ансамблі марқұмның туыстары мен жақындарына, балаларына қайғыра отырып, көңіл айтады. Ол біздің жүрегімізде ең шынайы, мейірімді, адал, жауапты және жарқын адам ретінде қалады. Топырағы торқа болсын, — деп жазылған Instagram-парақшасында.

Айта кетейік, «Дос-Мұқасан» — эстрадалық вокальді аспаптар ансамблі. 1967 жылы Қазақ политехнологиялық иниститутының (қазіргі Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті) жанынан құрылды.

Ансамбльдің атауы оны ұйымдастырушылар (Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Қамит Санбаев, Александр Литвинов) есімдерінің (Досым, Мұрат, Қамит, Саня) алғашқы буындарынан құралған. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі — 1972 жылдан бері композитор Мұрат Құсайынов.