Энергетика министрлігі: АИ-92 бензинінің бағасы 205 теңгеден аспауы керек

АИ-92 бензинінің бағасы 205 теңгеден аспауы керек. Бұл туралы энергетика министрлігі хабарлады.

АИ-92 автобензинінің шекті бағасы мемлекеттік реттеуге байланысты литрі 205 теңгеден аспауға тиіс. АИ-95 бағасын мемлекет реттемейді, сондықтан жанармай құю станциясының «пистолетінен» шығатын баға нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты өзгеруі мүмкін, — делінген хабарламада.

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, демалыс кезеңі және сұраныстың артуына байланысты жанармай құю станцияларының ірі желілеріне (QazaqOil, Helios, Sinooil, Газпромнефть, Gasenergy) АИ-95 бензині импортталуы мүмкін.

Қазір Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр және АИ-92, АИ-95, өтінім болған кезде АИ-98 бензинін өндіреді.

Қазақстанда АИ-95 жанармайының 12 күнге жететін қоры бар. Ал АИ-92 бензинінің қоры — 257,1 мың тонна, бұл 18 күнге жететін қор.

Министрліктің хабарлауынша, жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталып, Павлодар мұнай өңдеу зауыты іске қосылған кезде бензин жеткізу көлемі біртіндеп ұлғаяды.