Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропадағы Құран өртеу акциясын сынға алды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Еуропаның бірқатар мемлекетіндегі Құран өртеу акцияларын сынға алды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Оның айтуынша, мұндай акциялар қазіргі әлемдегі жағдайды шиеленістіріп, ұлт пен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған.

Жиілеп кеткен діни вандализм мен аталған елдер азаматтарының жауапсыз әрекеті мемлекеттер мен діндердің бейбіт қатар өмір сүруіне кері әсерін тигізеді. Бұл жалпыға ортақ нормаларға қайшы келетін акциялар ретінде бірауыздан айыпталуға тиіс, — дейді президент.

Ол БҰҰ бас ассамблеясы да бұл мәселеге қатысты мәлімдеме жасауы керек деп санайды.