Жыл басынан бері 42 адамды пойыз қағып кеткен

Қазақстанда жыл басынан бері 42 адамды пойыз қағып кеткен. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті хабарлады.

Жыл басынан бері көлік полицейлері теміржолдарды белгіленбеген жерлерден кесіп өткені үшін 15 355 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Пойыз астына 42 азамат түскен, оның тең жартысы қаза тапқан. Жазатайым оқиғадан қайтыс болғандардың арасында үш бала бар.

Сонымен қатар пойыздардың шұғыл тежелген кездері болған. Биыл осыған қатысты 930 дерек тіркелген. Үй жануарлары теміржол төсеміне шығып кеткені себебінен 572 рет пойыз шұғыл түрде тоқтауға мәжбүр болған.

Мәселен, өткен демалыста төрт адам пойыз астына түсіп кете жаздады. Аталған фактілер Ақмола, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелді. Абырой болғанда, барлық жағдайда пойыз машинистері жылжымалы құрамды тоқтатып, қайғылы жағдайды болғызбады. Жоғарыда көрсетілген фактілер бойынша құқықбұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК 559-бабының 5-бөлігі (белгiленбеген жерлерде темiржол арқылы өту) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, — делінген Көліктегі полиция департаменті сайтында.

Көлік полицейлері жазатайым оқиғаларды болдырмас үшін профилактика жұмысын жүргізіп жатыр. Мысалы, халықпен 1588 кездесу, жолаушылармен 1772 кездесу, оқу орындарында 1814 дәріс өткізді. Барлық іс-шарада теміржол көлігі нысанындағы қауіпсіздік ережелері айтылды.

Айта кетейік, Көлік полицейлері теміржолда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін тағы да еске салады. Мұқият болып, теміржол төсемін арнайы жабдықталған жерлерден ғана өту керек.