Батыс Қазақстан облысының ХІ Азаматтық форумы өтті

14 шілде күні Оралда «Инклюзивті мемлекеттік саясат: азаматтық қоғамның үлесі» тақырыбында Батыс Қазақстан облысының ХІ Азаматтық форумы өтті.

Форум жұмысына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Қазақстанның Азаматтық Альянсы президенті Бану Нұрғазиева, ҚР  Ақпарат және қоғамдық  даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Перизат Сәдуақас қатысты.

Басқосудың пленарлық отырысында өңір басшысы сөз сөйлеп, азаматтық қоғамды дамыту, билік пен қоғамның бірлестігі мен әріптестік саясатына қатысты мәселенің барлығы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үнемі назарында екенін атап өтті.

Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасындағы маңызды тетіктердің бірі – қоғам атынан сөйлейтін үкіметтік емес ұйымдар  мен билік арасындағы алтын көпір болып табылады. Үкіметтік емес сектордың қоғамдағы үлес салмағын көбейту, олардың белсенді жұмысына барынша қолдау көрсету жергілікті әкімшіліктің мүддесі. Себебі, бұл бағыт «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы зор тетіктердің бірі. Қоғамдағы тұралап қалған салалардың бойына қан жүгіртіп, күрмеуі көп күрделі мәселелердің шешілуіне үлес қосып жүрген — осы қоғамдық ұйымдар. Олардың басын біріктіріп, қызметін шыңдайтын Азаматтық форумдар – азаматтық қоғам дамуының көрсеткіші ретінде сындарлы сұхбат пен құнды ұсыныстар айтылатын диалог алаңына айналып отыр. Өңірімізде осымен он бірінші рет өткізіліп отырған бұл басқосудың мән-маңызы зор, — деді Н.Төреғалиев.

Жалпы, Батыс Қазақстан облысында 670 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның ішінде 100-ге жуық қоғамдық бірлестіктер белсенді қызмет атқарып, түрлі деңгейдегі Қоғамдық кеңестердің, консультативті-кеңесші органдардың құрамында және түрлі салаларда тиімді жұмыс жасауда.

b5698f1437b9b97f0187021558f3c373 Батыс Қазақстан облысының ХІ Азаматтық форумы өтті
Фото: БҚО әкімдігі

2023 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша 163 жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд. 227 млн. теңге бөлінді. Облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты 5 салалық басқарма, Орал қаласы мен 12 ауданның әкімдігі жүзеге асырады.

Белсенді жұмыс жүргізіп, халықтың әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге атсалысқан үкіметтік емес ұйымдарға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жыл сайын сыйақы тағайындап отыр. Өткен жылы аталған сыйақы белсенді қызмет атқарған 3 ұйымға берілсе, 2 үкіметтік емес ұйым алғаш рет өткізілген «Таңдау» сыйлығының иегері атанды.

Биылғы жылы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық қаржыландыру операторымен бірлесіп, 25 млн. теңге көлемінде 3 жобаға конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Соңғы 4 жылдың ішінде 21 үкіметтік емес ұйым жұмысы жоғары бағаланып, өңіріміз республика бойынша жақсы нәтиже көрсеткен облыстардың қатарына енді.

Пленарлық отырыста «Батыс-Қамқор» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Берікқалиев пен «Бәйтерек» мүгедек балалар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Меруерт Санкаева өз ұсыныстарын айтты.

Ерекше көзге түскен ҮЕҰ өкілдері облыс әкімі Н.Төреғалиевтің Алғыс хатымен, Қазақстанның Азаматтық Альянсы Президенті Б.Нұрғазиеваның Алғыс хатымен марапатталды.

Түскі үзілістен соң форум жұмысы: «Бизнестің ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылдан күтетін нәтижесі. Жаңа қиындықтар мен мүмкіндіктер», «БАҚ-ты әлеуметтік, ал ҮЕҰ-ды қалай танымал етуге болады? Өзара ынтымақтастықты нығайту», «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс: не үшін және кімге?» тақырыптарындағы панелдік сессияларында жалғасты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да