Абзал Серік пен Саматәлі Төлтаев допинг дауына ілікті

Қазақ боксшылары Саматәлі Төлтаев пен Абзал Серік допинг қолданғаны үшін үш жылға барлық жарыстан шеттетілді.

Қазақстанның допингке қарсы ұлттық орталығының дисквалификацияға ұшыраған спортшылар тізіміне екі боксшының есімі енгізілді.

Саматәлі Төлтаевтың денесінен тыйым салынған оралтуринабол препараты, ал Абзал Серіктен метастерон табылған. Төлтаев 2023 жылғы 31 наурыздан 2026 жылғы 31 наурызға дейін, Серік 2023 жылғы 7 сәуірден 2026 жылғы 7 сәуірге дейін шеттетілді, — делінген хабарламада.

Саматәлі Төлтаев
Фото: AIBA

Саматәлі Төлтаев – бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы мүшесі, 2022 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері. Ол 60 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасады. Сәуірде ол ұлттық құрамадан шығып, 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатына бармады.

Фото: abzal_asg

Абзал Серік — 2019 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы, 2023 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатының 67 келіге дейінгі салмақтағы финалисі.