Суқоймалар, өзендер, теңіздер түрлі табиғи, жасанды факторлардан өзгеріске ұшырайды. Оларға климаттың өзгергені, кәсіпорынның, зауыттың салынғаны немесе жай ғана адамдардың суға түскені әсер етеді. Еліміздің шығысы мен солтүстігін кесіп өтетін Ертіс өзені де талай өзгеріске тап болып, оның салдары айналасындағы флора мен фаунаға ықпал етіп жатыр.
Алматыдағы Зоология институтының ғалымдары өзеннің осы проблемаларына назар аударып, зерттеуге кіріскен. Ғалымдар Baribar.kz тілшісіне өзенді қалай зерттеп жатқанын айтып берді.

Ертіс өзенінің қай ағысы зерттеліп жатыр?

Ертіс өзені Қытайдан басталып, Қазақстаннан ағып өтіп, Ресейдегі Обь өзеніне қосылады. Еліміздегі Шығыс Қазақстан,  Абай, Павлодар облыстары арқылы ағады. Өзенннің жалпы ұзындығы — 4 248 шақырым, оның 1 698 шақырымы біздің еліміздің аумағынан өтеді.

Институттың Ертісті зерттейтін жобасы «Су ресурстарын трансшекаралық пайдалану және климаттық өзгерістер жағдайында Ертіс бассейнінің Қазақстандағы бөлігіндегі биоресурстарының жай-күйін бағалау» деп аталады.

Жобаның үйлестірушісі Лариса Михайловнаның айтуынша, әрбір елде халықтың, кәсіпорындардың әрекетінен су түрлі өзгеріске ұшырап, қоршаған ортаға әсерін тигізеді. Бұл өзегірстерге климат, жер бедерінің жағдайы да ықпалын етуі мүмкін.

Лариса Михайловна. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ертісті зерттеу жобасы биылғы ақпан айында басталған. Екі жылға созылады.

Зерттеудің мерзімі бес жыл болса, өзенді тереңірек зерттеп, толық ақпарат жинар едік. Бірақ бізде уақыт аз. Зерттеуді тез әрі тиянақты жүргізуге тырысып жатырмыз, — дейді Лариса Михайловна.

Ғалымдар Ертістің белгілі бір жерлерін ғана зерттеуді ұйғарған. Жоспар бойынша екі модельдік учаске зерттеледі, олар -қара Ертіс және Павлодар Ертіс өңірі арқылы ағып өтетін жерлер.

Зерттеуге 60-тан астам ғалым қатысып жатыр. Өзен гидрология, гидрохимия, ботаника, зоология және басқа да биологиялық салалар бойынша зерттеледі.

Жобаның мақсаты қандай?

Жобаның жетекшісі Елена Григорьевнаның айтуынша, бірнеше елді кесіп өтетін өзеннің бірқатар проблемасы бар: аймақта су тапшы және су ластанып, ол қоршаған ортаға қауіп төндіріп тұр.

Бұрын жүргізілген зерттеулер өзеннің, оның аумағындағы табиғаттың жай-күйін түсініп, тұжырым жасауға жеткіліксіз. Сол үшін біз Ертістің қазіргі жағдайын зерттеп жатырмыз. Одан соң жаңа және бұрынғы ақпаратты қосып қорытынды жасаймыз, — дейді ол.

Елена Григорьевна. Фото: жеке архивінен

Зерттеу жобасының бірнеше мақсаты бар:

Біріншісі — Ертістің еліміздегі бөлігінде ағыстың, құрлықтың, жалпы, өзеннің жай-күйін зерттеу. Одан соң өзенге залал келтіріп жатқан факторларды анықтап, сол тұжырымдарға сүйене отырып, өзенге келіп жатқан зардапты азайту жоспарын құру.

Екіншісі — Ертіс өзеніндегі ластану деңгейі мен улы заттардың мөлшерін білу. Ертістің өзен арнасы мен ағындарында ауыр металдар зерттеледі. Сонымен қатар Қытайдан құйылып жатқан суы зерттеуге алынады.

Қытайдан келетін ағыстың сапасы зерттеледі. Сосын Қазақстан аумағындағы ағысы қандай өзгеріске ұшырайтыны және Ресейге құйылатын судың сапасы анықталады, — дейді Елена Григорьевна.

Үшіншісі — судың гидрохимиялық (улы ортаның құрамы мен химиялық процестерін зерттеу) және токсикологиялық (удың қасиеттерін, ағзаға тигізетін әсерін, улану салдарынан туатын өзгерістерді, уланған адамды емдеу әдістерін зерттеу) көрсеткіштерін анықтау. Бұрын жасалған деректер ластанған көздер туралы ақпарат алып, экологиялық жағдайды бағалауға көмектеседі. Олардың ішінде елдімекендер, кәсіпорындар және тағы басқасы бар. Осылай, ғалымдар Ертіс өзенінің маңындағы экологияға не әсер еткенін анықтайды.

Төртіншісі — паразитологиялық зерттеулер жүргізу. Бұл аймақта зоонозды инфекциялар (адамға жануардан жұғатын ауру) бар. Олар адам мен үй жануарларына қауіпті болуы мүмкін. Паразитологиялық зерттеулер инфекциялның таралуын зерттеуге және бақылауға көмектеседі.

Бесіншісі — өзен аумағында тіршілік ететін жануарлар мен өсетін өсімдіктерді зерттеу. Жергілікті өсімдіктерді зерттеп қана қоймай, сирек және жойылып бара жатқан өсімдіктерді анықтау.

Өзеннің, флора мен фаунаның жай-күйі, ластану көздері және экожүйелердің өзгеру процесі туралы неғұрлым объектив ақпарат алуды жоспарлап отырмыз, — дейді жобаның жетекшісі.

Ең бірінші зерттеу ақпанның аяғында болды. Ол кезде теоролог пен паразитологтар барды. Ал сәуірдің соңында ботаниктер барды. Бірақ биыл көктем кеш түсіп, қар ерімеген. Сондықтан ғалымдардың зерттеу жүргізуге мүмкіндігі болмады.

Зерттеушілердің биылғы мақсаты — Ертіске бірнеше рет барып, толық ақпарат алу. Ал келесі жылы жиналған ақпарат бойынша зерттеу жүргізу.

Ертіс өзені
Ертіс өзені. Фото: Зоология институтының архиві

Жоба бойынша қазірге дейін не зерттелді?

Жалпы, қазіргі уақытта ғалымдар тек Ертіске барып ақпарат алып, шолу жасап жүр.

Қазірге дейін өзеннің ластану деңгейі және улы заттары зерттелді. Жалпы, өзенге қатысты деректерге талдау жасадық. Зерттеулер Ертістің негізгі арнасы мен оның ағысында ауыр металдар мен органикалық заттардың бар-жоғын анықтауға мүмкіндік берді. Оған қоса Қытайдан келетін судың өзеннің ластануына әсері, ластануға өңірлік кәсіпорындардың үлесі зерттелді. Бірақ бұл зерттеулердің қорытындысын қазір айта алмаймын, өйткені ол әзірше құпия. Зерттеу біткеннен кейін ғана жария етеміз, — дейді Елена Григорьевна.

Зерттеу барысында өзен суының сапасы да анықтылған. Өзеннің экологиялық жағдайы бағаланып, нәтиже антропогендік ластану (адамдардың шаруашылық қызметі салдарынан ластану) көздерін анықтауға мүмкіндік берді.

Зооноздық жұқпалы аурулардың табиғи ошақтарын анықтау үшін паразитологиялық зерттеулер де жүргізілген. Бұл жұқпалы аурулар адамдар мен үй жануарлары үшін қауіпті болуы мүмкін.

Ғалымдар аймақтағы жануарлар мен өсімдіктерге шолу жасады. Ертістің фаунасы мен флорасы бұрын зерттелген, бірақ бізге өзеннің қазіргі жай-күйін зерттеу керек болды. Оған қоса екі зерттеулерді салыстырып, өзеннің суы ненің әсерінен өзгергені туралы зерттеу жасалады, — дейді жобаның жетекшісі.

Ертіс өзенінің елімізде орналасқан бөлігінің гидрологиялық (cуды зерттеу), геоморфологиялық (жерді зерттеу) және климаттық сипаттамасы жасалынды. Сонымен қатар су шығыны, аймақтағы климаттық өзгерістер туралы мәліметтер талданып, климаттық болжамдар жасалды.

Ертіс өзенін құтқару үшін зерттеу жүргізу идеясы қалай пайда болды?

Жобаның идеясын Зоология институтының ғылыми мамандары ойлап тапты.

Климаттың өзгеруі, халық пен өнеркәсіптің артуы, су тапшылығы барған сайын күрделі мәселеге айналып жатыр. Оған қоса өзен үш елдің бойымен өтеді. Әрбір аймақтан келетін су да өзенге әсер етеді.

Ертіс Қытайдан басталады. Онда халық пен өнеркәсіп көбейгендіктен, бұл өзеннің төменгі ағысында судың азаюына, ластануына әкеледі. Ертістің елдегі ағасы улы заттармен ластанатынымен қатар, өзінің экологиялық проблемалары да бар, — дейді Лариса Михайловна.

Зерттеулер толығымен жүргізіліп, тұжырымдар жасалғаннан кейін, ғалымдар өзеннің залалын азайтуға ұсыныс жасайды. Бұл ұсыныс ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылым комитетіне жіберіледі.

Ертіс өзеніндегі балықтар қалай зерттеледі?

Жоба бойынша өзендегі балықтардың ағзасында паразиттің бар-жоғын паразитология зертханасының ғылыми қызметкері Бекжан Барбол зерттейді.

Бекжан Барбол. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Өзеннен балық аулап, оларды сойып, паразиттің бар-жоғын анықтаймыз. Одан паразит табылса, ол паразиттің қандай түрге жататынын, олардың санын анықтаймыз. Кейбір паразитті білмегендіктен, оларды ғылыми институтқа апарып, тереңірек зерттеуге тура келеді, — дейді Бекжан Барбол.

Бекжан Барбол. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Осы уақытқа дейін өзендегі сазан, көксерке, өзен алабұғасы, тарақ балық, оңғақ, кәдімгі көксерке, күміс мөңке, шортан және тағы басқа балықтардың денесінде паразиттің бар-жоқ екені зерттелген. Өзенде Сібір тортасы, өзен алабұғасы, табан көп кездеседі.

Жалпы, балықтың 10 түрін, 292 балықты зерттедік. Бір балықтан шыққан паразит екінші балықта болмауы мүмкін. Сондықтан балықты көбірек аулап, бәрін зерттейміз, — деді маман.

Балықтың ағзасында паразиттің бар-жоқ екенін анықтау үшін әуелі оның сырты зерттеледі. Ол үшін ғалымдар балықтың жүзбе қанаттарын қырып алып, оны микроскоппен қарайды. Одан кейін балықты сойып, ішкі органын тексереді. Паренхиматозды мүшелер (бауыр, бүйрек), ішек қаралады. Содан кейін желбезегі мен көзі талданады. Паразиті бар жер сынамаға алынып, микроскоппен зерттеледі.

Фото: Зоология институтының архиві

Ғалым Ертіс өзеніндегі балықтардан қандай паразит табылғанын айта алмайды. Өйткені бұл да — әзірше ғылыми құпия ақпарат. Өзенді толықтай зерттеп, тұжырым жасалғаннан кейін бәрі жарияланады.

***

Тағы оқыңыз:

Ғылымды әлеуметтік желіде насихаттап жүрген блогерлер кімдер?