Қалдық өңдейтін шыбын, қант диабетін қашықтан диагностикалау жүйесі, еліміздегі ең қуатты автотрансформатор және тағы басқа. Қазақстан ғалымдары кейінгі уақытта қандай ғылыми жаңалық ашып жатыр? Олар ойлап тапқан жаңа технологиялардың қандай тиімді тұсы бар? Baribar.kz ғалымдардың кейінгі жылдардағы жаңалықтар топтамасын ұсынады.

Шыбын арқылы органика қалдықтарын өңдейтін әдіс

құрт
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазақстандық биотехнолог Серікхан Айдарханұлы органика қалдықтарын өңдейтін әдіс ойлап тапты. Бұл жоба үш жыл бұрын іске қосылды. Әдістің басты компоненті — «Қара сарбаз» шыбыны. Шыбынның бұл түрі Қазақстанда кездеспейді. Сондықтан биотехнолог оларды Ресейден алдыртып, Қазақстанда өсіреді.

Мәселен, шыбынның дернәсілі кез келген қалдықтың 99%–ін өңдейді. Дернәсіл — жәндіктің шыбынға айналғанға дейінгі түрі. Шамамен үш-төрт мың құрт 300-400 келі қалдықты өңдей алады. 45 күннің ішінде жәндік жұмыртқадан шыбынға айналады.

Осы уақыттың алғашқы екі аптасында дернәсіл тағам қалдығы салынған «бассейнге» салынады. Олар сол «қоқыспен» қоректеніп, өсіп шығады. Қазір ҚазҰУ-дан шығатын тағам қалдығының бәрі осы технология арқылы өңделеді.

жылыжай
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Одан кейін ол қара түсті құртқа айналып, шыбын болуға дайындалады. Ал үш апта өткен соң шыбынға айналады. Екі аптада шыбын жұмыртқалайды да, тіршілігін тоқтатады. Осы жүйе арқылы цикл жалғасады.

Шыбын дернәсілі өңдеп шыққан қалдықтың ары қарай пайдалануға әбден болады. Мысалы, өңделген қалдықтан табиғи таза тыңайтқыш өндіріледі. Мұны «зоогумус» деп атайды. Бұл зиянкестермен күресуге өте тиімді, — дейді Серікхан Айдарханұлы.

Оған қоса ғалым құрттың бір бөлігін арнайы аппаратқа салып кептіріп, дәруменге толы өнім жасайды. Бұл өнімді көбіне құс, балық шаруашылығымен айналысатындар жем ретінде сатып алады. Шыбынның дернәсілін ұнтақтап араластырып, ірі қара малға азық ретінде де береді. Бұл қорек малдың дертке шалдығуын азайтып, сүтін артады.

Ғалым, шыбынның дернәсілімен қоректенген малдың еті құнарлы болатынын айтады. Өйткені құрттардың денесінде барлық аминқышқыл, соның ішінде лизин және метионин сияқты биологиялық құнды заттар бар.

Коронавирусқа қарсы отандық вакцина — QazVac

QazVac вакцина
Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі

COVID-19 пандемиясы кезінде әр ел өзінің вакцинасын жасай бастады. Қазақстанның вакцинасы QazVac деп аталады. Оны Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты әзірледі.

QazVac — инактивтендірілген, тазартылған және концентрацияланған вакцина. Оның құрамына алюминий гидрототығы – адъювант қосылған. Отандық вакцинаны әзірлеу кезінде жылдар бойы қолданылған технология пайдаланылды. Оған қоса әзірлеу кезінде бірнеше рет сынақтан өткен.

COVID-19-ға қарсы белсенді емес вакцина 2020 жылғы наурыз айында әзірлене бастады. 2020 жылғы 25 желтоқсанда вакцинаны клиникалық зерттеу басталып, 2021 жылғы 11 қаңтарда еріктілерге QazVac вакцинасын алуға рұқсат етілді. Ал 2021 жылғы 26 сәуірден бастап вакцина қолданысқа енді.

Вакцинаның бірінші партиясында 50 мың доза болды. Алғашқы екі-үш айда QazVac Қазақстанда өндіріліп, Түркияда құйылып, буып-түйіліп, елімізге қайтарылған. 2021 жылғы шілдеде Жамбыл облысында QazVac шығаратын зауыт іске қосылды. Зауыт вакцинаның бірінші партиясында 600 мың доза шығарды.

QazVac-ты Цельсий бойынша +2 градустан +8 градусқа дейінгі температурада сақтауға болады. Бұл оны елдің аймақтарына жеткізуге, сақтауға тиімді.

Вакцина балаларға қалай әсер ететіні тексерілмегендіктен, оны кәмілет жасқа толмаған балаларға, жүкті және бала емізетін әйелдерге салуға болмайды. Антиденелер ағзада тоғыз айдан астам сақталады. Бірінші доза алғаннан 21 күн өткеннен кейін екінші дозаны алуға рұқсат етілді. QazVac вакцинасын 5,5 миллионнан астам адам салдырды. Бұл туралы Пандемия сабақтары: Қазақстан тәжірибесі» халықаралық форумда белгілі болды.

Қазақстанның коронавирусқа қарыс бұл вакцинасын 20 ел мойындады. Олар: Аргентина, Венгрия, Грузия, Иран, Иордания, Қырғызстан, Мальдив Республикасы, Моңғолия, Армения, Беларусь Республикасы, Молдова, Перу, Сан-Марино, Сербия, Тунис, Үндістан, Филиппин, Тайланд, Түркия және Эстония. Қазақстандық вакцинаны салған адам пандемия кезінде осы елдерге бара алған.

2021 жылы вакцина халал сертификатын алды. Сол жылы вакцинаны әзірлегендерге әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық табысталды.

Сынық пен тізе буынын емдеуді жеделдететін гидрогель

гидрогель, ота
Фото: Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі

2022 жылғы ақпанда еліміздің ғалымы Вячеслав Огай сынық пен тізе буынын емдеуді жеделдететін гидрогельді ойлап тапты.

Технология операциядан кейін үш-алты ай ішінде сүйек пен шеміршек тінін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Білім және ғылым министрлігі клиникаға дейінгі сынақтардың нәтижесі препараттың тиімділігі жоғары екенін растады. Гидрогельдер сүйек тінін жасауға қаңқа ретінде қолданылады. Құрылымы бойынша олар дәнекер тінінің негізіне ұқсайды. Сондықтан бұл жасуша трансплантациясы үшін қолайлы.

сынған сүйекті толық қалпына келтіру — травматология мен ортопедия саласындағы күрделі мәселелердің бірі. Бұл мәселе әлі күнге дейін толық шешілген емес. Сынған сүйекті емдеу үшін остеопластиканың түрлі әдіс-тәсілі көптеп қолданылады. Дегенмен мұндай отадан кейін сүйек бәрібір де толық қалпына келмейді. Біз жасаған технология сүйекті толық қалпына келтіруге ықпал етеді. Бағаналы жасушалар мен табиғи биополимерлер зақымданған сүйекті немесе шеміршек тінін қалпына келу процесін жеделдетеді, — дейді жаңа технология авторы, ғалым Вячеслав Огай.

Былтыр наурызда гидрогель арқылы 15 ота жасалды. Гидрогельдер пациенттердің өмір сүру сапасына жақсы әсер етіп, адамдардың мүгедек болып қалу ықтималдығын кемітеді деп болжанып отыр. Нәтижесінде тізе буынын эндопротездеуге қажет ететіндердің саны азаяды.

Қант диабетін қашықтан диагностикалау жүйесі

 

қант диабеті диагностикалайтын
Фото: Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі

2022 жылдың басында болған тағы бір ғылыми жаңалық — қант диабетін қашықтан диагностикалау жүйесі. Бұл жүйе арқылы диабеттік ретинопатияны қашықтан диагностикалап, көз түбінің ауруларын 90% дәлдікпен анықтауға болады. Мұндай бірегей скрининг жүйесін ғалым Еркебұлан Жәнібекұлы әзірледі.

Құрылғы көз түбін суретке түсіріп, жасанды интеллект пациенттің көз түбінің толық сипаттамасын береді. Нәтижесінде диабеттік ретинопатияның бар-жоғы анықталады. Диабеттік ретинопатия – қант диабетінің асқынуы. Бұл ауру меңдеп кетсе, адам толық соқыр болып қалуы мүмкін. Сондықтан ауруды ерте бастан анықтаған жөн.

Бұл жүйе диагностикалаудың жаңа әдісін көздейді. Жүйеміздегі жасанды интеллект алгоритмінің дәлдігі — 91%, — дейді жүйенң авторы, ғалым Еркебұлан Жәнібекұлы.

Адамның көз түбін ауылды елдімекендегі медицина мекемелерінде де, орта медициналық қызметкерлер де суретке түсіре алады. Аудан немесе облыс орталығындағы офтальмолог қорытындыны қашықтан жасай алатын мүмкіндік те бар.

Құрылғы Астана, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола облыстарындағы 17 мемлекеттік және жекеменшік емханаға жеткізілген.

Дәрігердің қорытындысы EyeLab платформасы мен Damumed медициналық ақпараттық жүйесін біріктіру арқылы пациенттің электрон денсаулық паспортына тіркеледі. Бұл процедураны толығымен цифрландыру жоспарланып жатыр.

Еліміздегі ең қуатты автотрансформатор

автотраснформатор
Фото: Egemen.kz

2019 жылғы қазанда Шымкентте Орталық Азия мен Қазақстандағы қуаты 63 МВА, 220 кВ кернеу класты автотрансформатор жасалды.

Мұны Alageum Electric компаниясы, «Энергия» қазақстандық бас отын-энергетика жүйелерін ғылыми-зерттеу және жобалау-іздестіру институты  және «Электродеталь» ЖШС кәсіпорындарының құрамына кіретін Кентау трансформатор зауытының ғалымдары мен инженерлері жасады. Автотрансформатордың жобалаушысы – техника ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Сергей Соколов.

Қуаты 63 МВА автотрансформатор елімізге аса қажет. Оларға сұраныс күн өткен сайын артып жатыр. Шетелдерде мұндай трансформаторлар көп, олар бір-бірімен бәсекеге түсіп жатады, — дейді Сергей Соколов.

Автотрансформатордың жасағандардың айтуынша, бұл — қуаттылығы ең жоғары автотрансформатор. Ол электр энергиясының жоғалуын 43%-ке қысқартуға мүмкіндік береді. Ол Түркістан облысындағы Келес, Сарыағаш және Мақтаарал аудандарында электрэнергия бөле бастады.