Әдетте, дизайнер сияқты шығармашыл адамдар жұмысында стационар компьютер, графикалық планшет қолданады. ASUS компаниясы оларға ыңғайлы болуы үшін Zenbook Pro 16X OLED ноутбугын шығарды. Дизайнер, иллюстратор Бекзат Исамбергенов бұл құрылғыны бірнеше күн қолданып көрген соң, болашақта ақша жинап, сатып алғысы келетінін айтты. Zenbook Pro 16X OLED ноутбугы дизайнерді несімен таңғалдырды? Бірге шолып шығайық.

Бекзат жарнама агенттігінде дизайнер болып істейді. Оған қоса фрилансер ретінде бірнеше жобамен айналысады: түрлі медиаға, басылымға иллюстрация, сурет, комикс салып береді, баннер жасайды және тағы басқа. Өзінің айтуына қарағанда, үйде де, офисте де стационар компьютер қолданады. 10 жыл бұрын сатып алған планшеті де бар. Екі құрылғысы да ыңғайлы, дегенмен біраздан бері ары-бері тасып жүруге болатын, қолайлы ноутбук алуға ниеттеніп жүр. Сол себепті Zenbook Pro 16X OLED құрылғысын қолданып көруге қуана келісті.

Сырт көрінісі

ASUS Zenbook Pro 16X OLED ноутбугының қалыңдығы — 17-18 миллиметр, салмағы — 2,4 келі. Корпусы берік әрі жұқа, алюминий қорытпасынан жасалған. Бұл ноутбукқа Adobe Photoshop, Premiere Pro, LightroomClassic және After Effects сияқты ауыр бағдарламаларды жүктеуге, онымен жұмыс істеуге болады. 

Көпшілік алатын кәдімгі ноутбуктың көбі дизайн жасап, анимация салуға болатын «салмағы ауыр» бағдарламаларды көтере алмайды. Сол себепті шығармашылық саласында істейтін кей адам ойынға арналған ноутбукты сатып алады. Дегенмен ол құрылғының сыртынан-ақ жұмысқа емес, ойынға арналғаны көрініп тұрады. Ал мына ноутбуктың шығармашыл азаматтарға арналып жасалғаны байқалады. Сырт көрінісі өте тартымды. Қораптары айрықша, құрылғыны арзанға алмағаның сезіледі, — дейді дизайнер.

Фото: Baribar.kz

Ноутбук процессоры — Intel® Core i9 13-буын, видеокартасы — NVIDIA GeForce RTX 4070.

Әрине, кез келген құрылғыны, оның үстіне экраны сенсор ноутбукты абайлап ұстаған жөн. Дегенмен мына ноутбук пен оның құралдары жақсы, сапалы, берік материалдан жасалғаны көрініп тұр. Байқаусызда автобуста, көшеде құлатып алсаң, бір жерге тиіп кетсе, қатты уайымдап кетпейсің, — дейді Бекзат.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бекзат ноутбукты жаныңда алып жүруге, кез келген жерде тізеге қойып отырып жұмыс істеуге болатынын айтады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Экраны

ASUS Zenbook Pro 16X OLED ноутбугының экранының диаметрі — 16 дюйм. Жиілігі — 120 Гц, жарығының шегі — 550 кд/м², DCI-P3: 100%, экран аумағы 90% қылып кең етіп жасалған. Айта кетері, дисплейі нарықтағы ең сапалы OLED экрандарын жасайтын ASUS Lumina OLED маркасынан.

Photoshop сияқты бағдарламалардың интерфейсі ауқымды, экран бетінен көп орынды қажет етеді. Ноутбук экраны кішкентай болса, сурет кішірейіп, интерфейс сыймай жатады. Бұл құрылғының экраны осы жағынан ұтып тұр, — дейді Бекзат.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Zenbook Pro 16X OLED ноутбугының экраны сенсор. Бұл адамға пернетақтасыз да жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Әдетте, біз графикалық планшетті USB арқылы компьютерге жалғаймыз. Кейін планшетке сурет салып, нәтижесін компьютер экранынан көріп отырамыз, яғни екі экранға қарауға тура келеді. Ал мұнда экранға сызып, жазып отырасың да, бірден сол жерден көресің. Тура қағаздағыдай. Сенсоры да істейді екен. Саусақты өте жақсы сезеді. Мысалы, кей планшет стилусты дұрыс сезбейді. Кейде сызған сызығың экранға басқаша болып түседі. Ал Zenbook Pro 16X OLED ноутбугы дәл сен қалағаныңдай етіп шығарады. Стилусты қатты бассаң, экранға қалыңдау сызық шығады. Ал жіңішке сызық керек болса, стилусты экранға ақырын ғана жақындатсаң, жіп-жіңішке сызық сызыла кетеді, — дейді Бекзат.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ноутбуктың матрицасы — 10 бит. Бұл құрылғы 1,07 миллиард реңді көрсете алады деген сөз. Дизайнерлер үшін ең маңыздысы — құрылғы экранының түсті анық әрі қанық етіп көрсетуі. Бекзаттың айтуынша, ноутбук экранынан түстер өте жақсы көрінеді: аса табиғи және ашық. Оған қоса экран өте жоғары сапада — 3200 х 2000 форматта бейнені көруге мүмкіндік береді.

Кейде экран түстің бәрін сен қалағандай көрсете бермейді. Ойыңда бір түс тұрады да, соны саласың. Кейін оны қағаз немесе баннерге басып шығарсаң, сәл басқашалау болып шығып, көңілің түседі. Ал Zenbook Pro 16X OLED ноутбугы түстерді анық, қанық көрсетеді екен. Ойыңдағы түсті қорықпай таңдап, қолдануға болады, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Стилус

Бұрын адамдар қарындашпен қағазға сурет салса, қазір стилус арқылы ноутбук бетіне салып, түрлі ерекше дүние жасайды. Бекзаттың сөзіне қарағанда, стилустың сапалы әрі қолға ыңғайлы болғаны дұрыс. Zenbook Pro 16X OLED ноутбугының стилусы жіп-жіңішке. Қолды бар-жоғы білінбейді.

Өзімнің стилусым қалыңдау. Алғашында ыңғайсыз болған, біраз уақыттан соң оған да үйреніп кеттім. Дегенмен қазір Zenbook Pro 16X OLED ноутбугының стилусы сияқты жіңішке түрі әлдеқайда ыңғайлы екенін түсіндім, — дейді Бекзат.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бекзатқа стилуста ең ұнаған тұсы — оның қуатының ұзаққа жететіні.

Бүгін ноутбукты үшінші күн қолданып көріп жатырмын. Осы уақыт ішінде стилусты қуаттағышқа мүлдем қоймадым. Әлі істеп тұр, — дейді ол.

Стилусты ноутбукқа TYPE-C жалғағыш арқылы жалғап, қуаттауға болады.

Оған қоса стилустың үш таяқшасы (стержень) бар. Уақыт өте, ұшы тозғанда ауыстырып отырасыз.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Пернетақтасы мен TouchPad-ы

Бекзаттың айтуынша, шығармашыл адамдар, оның ішінде дизайнердің басым бөлігі түнде жұмыс істейді. Ал бұл уақыт — үйдегілердің демалатын, ұйықтайтын кезі. Өзгелердің мазасын алмас үшін бөлмедегі жарықты сөндіру қажет. Дегенмен Zenbook Pro 16X OLED ноутбугын әзірлеушілер мұны әуел бастан ескеріп, құрылғысының пернетақтасы жанып тұратындай етіп жасады. Соның арқасында адам оны қараңғы бөлмеде де емін-еркін қолдана алады.

Жарықты өшіріп, фильм қосып, оның дыбысын ақырын ғана шығарып, жұмыс істеген ұнайды. Ал пернетақтаның жанып тұрғаны екі есе күшті. Қажет әріптер мен символдарды көрмей, экраннан түскен жарыққа ғана тәуелді болып отырмайсың, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Zenbook Pro 16X OLED ноутбугының пернетақтасының үстінгі жағы сәл ғана — 7 градусқа көтеріліп тұрады. Соның арқасында астындағы желдеткіш арқылы ыстық ауа тез шығып, құрылғы қызып кетпейді.

Кез келген компьютердің пернетақтасында кішкентай аяқшасы болады. Қажет кезде оны ашып, пернетақтаны сәл көтеріп қоюға болады. Қажет емес кезде жауып қоясың. Zenbook Pro 16X OLED ноутбугын әзірлегендердің осыны ескергені қуантады, себебі бұған дейін мұндай пернетақтасы бар ноутбукты көрген емеспін, — дейді дизайнер.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Zenbook Pro 16X OLED ноутбугындағы цифрлар пернетақтада емес, TouchPad-ында орналасқан. Пернетақтада бос орын пайда болған соң, әзірлеушілер ондағы әр әріп пен символ пернесін үлкен етіп жасаған. Бұл кез келген адамға ыңғайлы болары сөзсіз. TouchPad-ы да ауқымды — 150х90 миллиметр етіп әзірленген.

Өз басым, цифрларды көп қолданбаймын. Оның орнына әріптерге және басқа да символдарға көп орын бергені дұрыс болған, — дейді ол.

Жоғарыда Бекзат айтып кеткендей, TouchPad-ында екі фунция біріктірілген. Оны кәдімгі тышқан ретінде әрі цифрларды теру үшін қолдануға болады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Джойстигі немесе ASUS Dial басқару тетігі

 ASUS компаниясы графикалық планшет қолданып үйреніп қалғандарға ноутбукте де джойстик керек боларын түсінген сияқты. Сол себепті олар өзінің жаңа құрылғысының бір шетін джойстикке — ASUS Dial басқару тетігіне арнапты. Ол арқылы 70-ке жуық пәрменді орындауға болады.

Маған осы джойстигі ерекше болып көрінді. Себебі ол өте универсал. Джойстик әр бағдарламаға ыңғайланады екен. Мысалы, жай ғана Windows-ты қолдансаңыз, джойстик дыбысты, экран жарығын азайтып-көбейтеді, Photoshop-қа кірсеңіз, бетті үлкейтіп-кішірейтеді, қателессеңіз — «кері қайтару» батырмасы бола алады. Ал Adobe Effects-те видеоның уақыт көрсететін жолағын басқара алады. Бір қызығы, джойстиктің атқаратын қызметін де өз бетіңмен өзгертуге болады екен, — дейді Бекзат.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Желдеткіші

Жалпы, шығармашыл адамның жұмыс процесі қызық. Шабыты болмаса, жұмысқа зауқы соқпай, ештеңе істей алмай отыруы мүмкін. Ал бір шабыттанса, 24 сағат бойы бір орыннан тапжылмай, жауһар шығаруы мүмкін. Дегенмен бұл қолданушының құрылғысына «ауыр» тиетіні анық. Кез келген құрылғыны ұзақ қолдансаң, қызып кетеді.

ASUS компаниясы Zenbook Pro 16X OLED ноутбугының желдеткішін мықты етіп жасауға тырысты. Олардың желдеткіші төрт режим бойынша істейді: тыныш режим, стандарт режимі, өнімділік режимі, максимал режим. Күнделікті, жеңіл жұмыста тыныш не стандарт режимін қосып қойған дұрыс. Бұл режимде желдеткіштің дыбысы мүлдем естілмейді. Ал ұзақ уақытқа созылатын рендериң кезінде максимал режимін қосқан жөн.

Желдеткішті максимал режимге қойғанда дыбысы сәл ғана шығады, құлаққа түрпідей тиетін қатты дыбыс емес. Ол жағынан алаңдамауға болады екен. Керісінше, ноутбук қызып кетпейді, — дейді маман.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дыбысы

Шығармашылық саласында істемейсіз, дизайнер емессіз, бірақ музыканың дыбысын қатты шығарып тыңдағанды жақсы көресіз бе? Әлде тамақ жасап жүріп фильм көргенді ұнатасыз ба? Онда сізге ASUS Zenbook Pro 16X OLED ноутбугын алуға кеңес береміз. Себебі онда алты динамик және төрт микрофон бар.

Дыбысы өте жақсы естіледі, құдды бір «колонка» сияқты. Мәселен, ноутбукты қойып, өзің арғы беттегі диванға отырсаң да дыбысы саған бағытталған сияқты, — дейді Бекзат.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қуаттағышы

Құрылғының қуаты тоғыз сағатқа дейін, яғни бір жұмыс күніне дейін жетеді. Себебі оның батареясының сыйымдылығы — 96 ВТ/сағ. Бұл уақыт аралығы алаңсыз, тоқ көзі жоқ жерде де жұмыс істеуге болады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Оған қоса ноутбукте төрт түрлі жалғағыш бар: USB, Type-C, HDMI және құлаққапқа арналған жалғағыш. Type-C арқылы стилусты қуаттаса, HDMI арқылы қосымша монитор жалғауға болады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Камерасы

Ноутбуктың ASUS AiSense интеллектуал уеб-камерасын кез келген онлайн байланысқа, жиналысқа қорықпай қолдануға болады, себебі камерасы бейнені тұп-тұнық, ап-анық етіп көрсетеді. Оған қоса уеб-камерасының (Full HD) Adaptive Lock деген инфрақызыл функциясы бар. Оның арқасында қолданушы ноутбугына жақындағанында құрылғы өз бетімен автомат түрде құлыптан ашылады. Сонымен бірге уеб-камера қолданушыны, оның көзін қадағалай алады.

Қазір қауіпсіздік үшін камераны жабатын арнайы қағаздар сұранысқа ие. Дегенмен бұл жолы оны сатып алудың қажеті жоқ, себебі ASUS компаниясы бұл құрылғысын камера жапқышымен бірге өндірді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Шолуымызды қорыта келе, Zenbook Pro 16X OLED ноутбугының мынадай артықшылықтарын атап айтуға болады:

  • шағын әрі жеңіл;
  • «салмағы ауыр» бағдарламаны жүктеуге болады;
  • экраны сенсор;
  • түстерді анық, қанық көрсетеді;
  • стилусы мен джойстигі бар:
  • төрт аудиожүйесі бар;
  • желдеткіші мықты.
ZENBOOK PRO 16X OLED НОУТБУГЫНА ASUS ҚОЛДАУЫМЕН ШОЛУ ЖАСАЛДЫ