«ҚазТрансГаз Аймаққа» жарты миллиард теңге айыппұл салынды

Алматы прокурорлары «ҚазТрансГаз Аймақ» филиалына жарты миллиард теңге айыппұл салып, тарифті төмендетті.

Бұл туралы Алматы прокуратурасы хабарлады.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалының қызметіне жүргізілген тексеру кезінде үстем және монополиялық жағдайды теріс пайдалану фактілері анықталған. Мысалы, монополисттердің шарты бойынша кәсіпкерлер газдың пайдаланылмаған көлемі үшін газ құнының 10%-ін заңсыз төлеп келген, — делінген хабарламада.

Үстем және монополиялық жағдайын теріс пайдаланғаны үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалы ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 159-бабы 3-1-бөлігі бойынша жауапқа тартылып 497,1 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар табиғи монополия субъектісі 2022 жылы көрсететін қызметтер көлемінің өскеніне қарамастан компания 2023 жылға арналған тарифті төмендетпеген (көрсетілген қызметтердің көлемінің ұлғаюына байланысты тариф қайта қаралуға тиіс).

Осыған орай табиғи монополияларды реттеу департаментінің қадағалау актісімен, биылғы 1 сәуірден бастап тауар газын тасымалдау тарифін 6%-ке, 1000 м3 үшін 4 099,25 теңгеден 1000 м3 3 848,03 теңгеге дейін төмендету туралы бұйрық шығарылды. Қабылданған шаралар Алматыда 450 000 тұтынушының, оның ішінде 8 800 кәсіпкердің құқығын қорғады, — делінген хабарламада.