«ҚазТрансГаз» биыл 995 миллион доллар кредит қарызын өтеген

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, «ҚазТрансГаз» басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа компаниялар тобының биылғы сегіз айдағы өндірістік және қаржылық көрсеткіштері туралы баяндады.

Қайрат Шәріпбаев президентке былтырмен салыстырғанда магистральді тасымалдау көрсеткіші 14% өсіп, 65,4 миллиард текше метрге жеткенін мәлімдеді. Ұлттық оператордың табысы 8 айда 6% артып, 1,342 триллион теңге болды. Таза пайданың көлемі – 55 пайызға өсіп, 304 миллиард теңгеге жетті.

Мемлекет басшысына биыл отандық газ тұтынушыларды 158,8 миллиард теңгеге субсидиялау шаралары, сонымен бірге бюджетке 128,4 миллиард теңге көлемінде салық және басқа да төлемдер түскені жөнінде айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қайрат Шәріпбаев
Фото: Akorda.kz

Қайрат Шәріпбаевтың мәліметі бойынша компанияның таза табысы отандық газ тасымалдау жүйесін қалыпты жағдайда ұстауға және борыштық жүктемесін азайтуға бағытталады. «ҚазТрансГаз» АҚ компаниялар тобы сегіз ай ішінде 995 миллион  доллар көлеміндегі кредиттік қарызын өтеген.

Мемлекет басшысына газ тасымалдау саласының инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту жобаларын жүзеге асыру, атап айтқанда, Маңғыстау облысының газ тасымалдау инфрақұрылымын реконструкциялау, «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистральді газ құбырының екінші желісін салу, Қашағандағы газ өңдеу зауыттарының құрылысы, сонымен бірге «ҚазТрансГаз»  акционерлік қоғамын цифрландыруға бағытталған іс-шаралар туралы баяндалды.

Президент елімізді одан әрі газбен қамтуға қатысты ұсынылған жобалар мен іс-шараларды қолдайтынын айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қайрат Шәріпбаевқа еліміздің газ саласын дамытуға бағытталған бірқатар міндет жүктеді.