Шығыс Қазақстандағы ормандағы өрт толық сөндірілді

Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы ормандағы өрт толықтай сөндірілді. Бұл туралы ШҚО төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт 17 маусымда Катонқарағай ауданындағы «Катонқарағай ұлттық табиғи паркі» РММ Ақсу филиалының аумағында (Усть-Язовское орманшылығы) жетуі қиын таулы жерде шыққан.

Қызыл жалын шөп пен бұталарды шарпыды. Өртті сөндіруге ТЖД-дан 11 адам, орман шаруашылығынан 99 адам және үш техника, «Авиаорманқорғау» мекемесінен алты адам және жергілікті атқарушы органнан жеті адам жұмылдырылды. 19 маусым сағат 12.00-де өрт толықтай сөндірілді. Жалынның жалпы ауданы — 15 гектар, — делінген хабарламада.

Еске салайық, 18 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы қорықта шыққан өрт оқшауланды.