Шығыс Қазақстан облысындағы қорықтан өрт шықты

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы қорықта шыққан өрт оқшауланды. Бұл туралы ШҚО төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

17 маусымда «Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы» РММ аумағында, Риддерден 80 шақырым жерде өрт шықты.

Өртті сөндіруге ТЖД-дан, шекарашылар және орманшылардан 58 адам мен тоғыз техника жұмылдырылған. Облыс әкімі Ермек Көшербаев, оның орынбасарлары, ТЖ департаментінің басшылығы жағдайды тікұшақпен әуеден барлап, мониторинг жасап жатыр. Жалынның төменнен жоғары ауысуы тіркелген жоқ. Елдімекендерге қауіп жоқ, — делінген хабарламада.

Өрт сөндіруге қатысушылардың үйлескен іс-әрекеттерінің арқасында тілсіз жаудың таралуы сағат 6.45-те тежелді. Алдын ала дерек бойынша өрттің аумағы – алты гектар.