Астанадан Алакөлге «Тальго» пойызының алғашқы рейсі жолға шықты

15 маусымда елордадан Алакөл курортты аймағы бағытында «Астана — Достық» №257/258 бағдары бойынша алғашқы пойыз жөнелтілді.

Қазақстан темір жолы компаниясының мәліметінше, пойыз аптасына екі рет: астанадан – жексенбі, бейсенбі сайын, Достық станциясынан – дүйсенбі және жұма сайын қатынайды. Пойызға 346 жолаушы сияды.

Бағдардың Астанадан Алакөлге дейінгі ұзындығы – 1 399 километр. Пойыз жолда 21 сағат 45 минут жүреді. «Тальго» пойызы – Алакөлге жетудің оңтайлы жолы. Вагондар ауа желдеткіш, биодәретхана, розеткамен жабдықталған. Жолаушылар үшін vputi.kz мультимедиялық ойын-сауық порталы қолжетімді. Пойызда ерекше қажеттігі бар адамдар үшін «гранд» санатындағы вагондар, вагон-бар және вагон-мейрамхана қарастырылған. Билет құны вагон санатына қарай 17 мың теңгеден басталады, — делінген хабарламада.

Ал Алматыдан Алакөлге дейін «Тальго» вагондарынан құралған екі жолаушылар пойызы қатынайды:

  • №211/212 «Алматы-Достық» (346 жолаушы орны бар) күнара: Алматыдан – жұп күндері, Достықтан – тақ күндері;
  • №253/254 «Алматы-Достық» (276 жолаушы орны бар) күнара: Алматыдан – тақ күндері, Достықтан – жұп күндері.

Алматы мен Достықтың арасы 846 км жол, жолға кететін уақыт – 17 сағат 35 минут. Билет құны 11 мың теңгеден басталады.