Ұлттық банк төрағасы валюта нарығындағы жағдай туралы айтты

2022 жылдың қорытындысы бойынша теңгедегі салымдар 22%-ке артты. Бұл туралы сенаттың жалпы отырысында ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты.

Қабылданған шаралар қаржы жүйесінің тұрақсыздануын болдырмауға және теңгедегі активтерге деген сенімді сақтауға мүмкіндік берді. Валюта саудасының нарықтық қағидаттарын кеңейту, ұлттық банктің іс-әрекеттерінің транспаренттілігін арттыру есебінен валюта нарығының балансын жақсартуға мүмкін болды. Былтырғы наурыз айындағы айырбас бағамы 1 АҚШ доллары үшін 512 теңгеден жоғары рекордтық мәнге дейін әлсірегеніне қарамастан, жыл соңына қарай 462,7 теңгеге дейін 9,7%-ке нығайды. Бұл тұрғыда валюта нарығы қалпына келді, — деді Ғалымжан Пірматов.

Оның айтуынша, 2022 жылы үкіметпен бірлесіп теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы іске асырылды. Бағдарлама жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша өтемақы төлеуді ескерген.

Бөлінген өтемақының жалпы сомасы 306,6 миллиард теңге болды. Нәтижесінде теңгедегі салымдар 2022 жылдың қорытындысы бойынша 21,2 триллион теңгеге дейін, яғни 22%-ке артты. Ал долларды пайдалану деңгейі 31,6%-ке дейін төмендеді. Биыл теңгедегі салымдар 21,4 триллион теңгеге дейін өсті. Депозиттегі доллар деңгейі 30% межеден төмендеп, 29,3% болады, — деді ұлттық банк басшысы.