Семей орманындағы өрт бойынша үш нұсқа қаралып жатыр

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, Абай облысындағы өрттің шығу себебінің үш нұсқасы қаралып жатыр.

Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі «Екі немесе одан көп адамның өліміне әкеп соққан, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Осы қылмыстық іс бойынша біз барлық нұсқаны қарастырып жатырмыз. Біріншісі – орман қорын сату үшін қасақана өртеу; екіншісі – отты абайсыз қолдану, яғни адами фактор; үшінші нұсқа – табиғи сипаттағы себептер (мысалы найзағай). Осы нұсқалардың бәрі қаралады, — деді Жандос Өмірәлиев мәжіліс кулуарында.

Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 15 адамның өмірін жалмады.

9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.

10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.

11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.

Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.

12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

13 маусымда өрттен қаза болғандардың отбасына 7 миллион теңгеден және әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінді.

14 маусымда мемлекет басшысының жарлығымен «Семей орманы» резерватының 14 қызметкері «Құрмет» орденімен марапатталды.

Алапат өртпен күрес әлі жүріп жатыр.