Қаржы министрі орман шаруашылығына қанша теңге бөлінгенін айтты

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев орман шаруашылығы комитетін қаржыландыруға қатысты тілшілердің сұрағына жауап берді.

2023-2025 жылдарға арналған үш жылдық бюджетке 121,5 миллиард теңге, биылғы жылға 52,7 миллиард теңге бөлінген. Былтырғы қаражат көлемі азырақ еді, – деді Ерұлан Жамаубаев.

Сонымен қатар қаржы министрі ескірген техника мәселелері туралы айтты.

Белгілі бір нормативтер бар, іс жүзінде осы нормативтер бойынша қаржыландырамыз. Қажетті норма да нақты жазылған. Бір жыл ішінде барлық техниканы жаңарту мүмкін емес екені анық. Егжей-тегжейлі қарау керек, – деді министр.

Оның айтуынша, саланы қосымша қаржыландыру әлі қарастырылмаған.

Комиссия жұмыс істеп жатыр, қанша қаражат қажет екенін анықтаймыз. Алдын ала залал туралы әлі айта алмаймыз, өйткені өрт әлі сөндірілген жоқ. Айтарлықтай үлкен аумақты от шарпыды, сондықтан барлық рәсімдердің аяқталуын күтейік, – деді премьер-министрдің орынбасары.

Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 14 адамның өмірін жалмады.

9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.

10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.

11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.

Абай облысында төтенше жағдай кезінде қаза болғандар «Құрмет» медалімен марапатталды.

Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.

12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

13 маусымда өрттен қаза болғандардың отбасына 7 миллион теңгеден және әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінді.