Абай облысында өрт үш бағытта (оңтүстік, батыс және шығыс жиекте) сөндіріліп жатыр. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Аймаққа жету қиын болғандықтан, минералдандырылған жолақтар жасау тоқтатылды. Елдімекендерге қауіп жоқ, — делінген хабарламада.
Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және қорғаныс министрлігінен 1 500-ге жуық адам, 300-ден астам техника жұмылдырылған.
Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 14 адамның өмірін жалмады.
9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.
10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.
11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.
Абай облысында төтенше жағдай кезінде қаза болғандар «Құрмет» медалімен марапатталды.
Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.
12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.
