Биыл Павлодар облысына 3 500-нан астам көші-қон квотасы бөлінді. Бұл туралы «Хабар 24» хабарлады.
Өңірге келіп, еңбек етуге ниеттілер қатары жыл сайын артып келеді. Жұмыс күші мол оңтүстік аймақтардан солтүстікке көшіп келген азаматтарға және қандас мәртебесі барларға бірсыпыра әлеуметтік, материалдық қолдау қарастырылған.
Жасұлан Шалабаев Ақсу қаласына Омбы облысынан қоныс аударды. Жергілікті мектепте ерекше балалармен жұмыс істейді. Мамандығы – педагог-ассистент. Бұл мамандыққа сұраныс жоғары болғандықтан жұмысқа тез арада орналасқан.
Жасұлан Шалабаев, Ақсу қаласы №4 мектебінің педагог-ассистенті:
Қандас мәртебесін алғаннан кейін әлеуметтік қолдауға ие болдым. Мемлекет пәтер жалдау құнын өтейді. Бұл – біз үшін зор қолдау. Сонымен бірге көтермеақы бөлінді. Тарихи Отаныма оралғаныма қуаныштымын. Ақсуда туыстарым тұрады.
Ал Әбдірамановтар жанұясы Қызылорда облысынан былтыр күзде көшіп келді. Отағасы Айболат – жергілікті зауытта электрик. Жары Жанат әзірге декреттік демалыста. Үш бала тәрибелеп отырған отбасы көші-қон бағдарламасы бойынша тұрғын үй сертификатын алып, өткен айда баспаналы болды.
Жанат Әбдіраманова, Ақсу қаласының тұрғыны:
Жолдасым зауытқа кірді. Зауыттан жақсы айлық-табыс көріп отыр. Шүкір, өкінбейміз көшіп келгенімізге. Себебі де – сол, біз жаспыз, көрейік деген сияқты. Бір Қызылорданың ішінен тұрып қалмай. Балаларымыз да кішкентай, балаларымыздың болашағын ойлап.
Еңбек ұтқырлығын дамыту шеңберінде Ақсу қаласына 400-ге жуық квота бөлінді. Шаһардың білім беру, өндіріс, медицина салаларына білікті кадрлар қажет. Квота бөлінгенде дәл осы мамандықтарға басымдық беріледі.
Әсемгүл Ермекова, Ақсу қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары:
Бұл кісілерге әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Ең бірінші, көшуге арналған шығындарды өтеу үшін 70 АЕК мөлшерінде субсидия бөлінеді. Сонымен қатар 1 жыл ішінде тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметті төлеу шығындарын өтеу. Сонымен қатар биылғы жылдың наурызынан бастап үйді сатып алу үшін сертификаттар бөлінеді.
Павлодар облысына қоныс аударушыларды ұлғайту мақсатында жол картасы әзірленді. Бұл құжаттағы мақсат-міндеттер еліміздің Көші-қон саясаты тұжырымдамасын нақты іске асыруға негізделген.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Жеңіс Темірболат.