Биыл Қазақстанға қанша қандас оралды?

Биыл 8 мыңнан аса этникалық қазақ қандас статусын алды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, 8 034 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас статусын алған. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 115,1 мың этникалық қазақ оралды.

Биыл Қазақстанға келген қандастардың жартысы (54,2%) Өзбекстаннан, 20,1% – Қытайдан, 11% – Ресейден, 6,4% – Моңғолиядан, 4,9% – Түрікменстаннан және 3,3% басқа елдерден. Елімізге келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (27,8%), Маңғыстау (12,8%), Түркістан (6,4%) және Жамбыл (4,8%) облыстарына, сонымен қатар Астана (10,7%), Алматы (8,8%) және Шымкент (7,1%) қалаларына қоныстанды, — делінген хабарламада.