Қазақстанның және Татарстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, опера әншісі Нұржамал Үсенбаева Астанадағы Еркеғали Рахмедиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда «Еліме тағзым» деген шығармашылық кешін өткізді. Дайындығы қыстан бері тыңғылықты жүргізіліп келген кешке алыс-жақын шетелден опера жұлдызының достары келіп, бір сахнада қосылып ән шырқады.
Концерт Рәміздер күніне әрі әншінің ұстазы ҚазКСР-нің халық артисі, профессор Бекен Жылысбаевтың 100 жылдығына арналды. Сонымен қатар 4 маусым — Нұржамал Үсенбаеваның туған күні. Кешке «кешікпейік» деп, ертерек бардық. Сондағы байқағанымыз — тыңдарманның дені талғампаз. Жарасымды киім, жоғары мәдениеттің лебі есіп тұр. Көпшілігі құшақ-құшақ гүлін алып кіріп келе жатты.
Кеш шымылдығы Еркеғали Рахмедиевтің «Дайрабай» деген шығармасымен ашылды. Артынша әншінің өзі Мұқан Төлебаевтың «Бақыт вальсін» орындады. LED-экранда жас кезіндегі орындау сәтінен кадрлар көрсетіліп жатты. Арада қанша жыл өтсе де, опера жұлдызының әдемі келбеті, ерекше даусы өзгермеген.
Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі (тенор) Медет Шотабаев өнер көрсетті. Калафтың ариясын, «Айтысты» мәнеріне келтіріп орындаған әншімен сахна сыртында аз-кем тілдестік.
Бүгінгі кеш керемет өтіп жатыр. Нұржамал Пернебекқызының концерттеріне көп жылдан бері қатысып келемін. Мұны үлкен абырой деп санаймын. Консерваторияда оқып жүрген кезде біз жаспыз, ол кісі бізге үлгі болатын. «Неткен керемет әнші» деп таңғалатынбыз. Нағыз опера жұлдызы қандай болуы керек десе, көрсететін бірден-бір адам. Ол кісі өте қарапайым, жастарды үнемі қолдап жүреді, артист ретіндегі талантын барша жұртқа дәлелдеп тастаған. Бір қызығы, Нұржамал Пернебекқызының қабағы қатулы жүрген кезін көрген емеспін. Әрдайым күліп, жайнап жүреді. Сонысына қарап, «адам осылай өмір сүруі керек қой» дейсің. Апайымызға денсаулық, бақыт тілеймін, — деп әсерін бөлісті Медет Шотабаев.
Келесі жұлдыз қонақ — «Еуропалық өнер одағы» жоғары наградасының иегері Филипп Банжак. Недда мен Сильвионың дуэтін, «Севиль цирюльнигі» операсынан Фигароның каватинасын тыңдарман қауым ұйып тыңдады. Нұржамал Үсенбаеваның әріптесі ғана емес, жақын досына айналған Филипп Банжак әншіге деген құрметі зор екенін жеткізді.
Екеуіміздің таныстығымызға қанша жыл болғанынан шатасатындай деңгейдеміз, шыны керек. Араласып, дос болғанымызға талай жылдың жүзі болды. Нұржамал — ғажап жан. Оған ең жоғары баға берер едім. Бізге Прагаға келіп, «Русалканы» чех тілінде орындағаны есімде. Екінің бірінің жүрегі дауаламайтын партияларды емін-еркін жеткізе алады. Концерт бағдарламасы да қатты ұнады, — дейді кештің арнайы қонағы.
Нұржамал Үсенбаеваның үзеңгілесі, Өзбекстан мемлекеттік консерваториясы музыкалық театрының солисі, Өзбекстан, Қарақалпақстан және Башқұртстан Республикаларының халық артисі Жеңісбек Пиязов та әншіні қолдап, бірқатар шығарманы дуэтпен орындап, халық ықыласына бөленді. Кештің ең есте қалған сәті — соңында барлық орындаушының бірлесіп, Төлеген Мұхамеджановтың «Отан» шығармасын орындағаны.
Концерт аяқталған соң әншінің әсерін білмек боп, сұрақтарымызды қоюға асықтық. Нұржамал Пернебекқызына сый-сыяпатын беріп, суретке түсіп, тілегін білдіруге ұмтылып, сахнаға көтерілген көрерменнің қарасы көп болды. Расында, ұзақ күтіп, тұрып қалдық. Әнші де қарапайым қалпынан таймай, «қалаған адамның бәрі келсін, келе берсін» деп тыңдарманға деген құрметін білдірді.
Шыны керек, өнер адамдарының өзіне көңілі тола бермейді. Жақсы тұстары да бар, кем-кетігі де жоқ емес. «Бұдан да жақсырақ істеуге болар еді» деп сын көзбен қарайтынымыз тағы бар. Мысалы, қазір концерт бітті. Бірақ мен шаршаған жоқпын. Сахнаға тағы шығуға шақырса, шығуға дайынмын. Келіп, мерейімді көтерген достарыма мың алғыс. Оған қоса өнерді жоғары бағалап, демеушілік білдірген Jusan Bank-ке рақмет айтқым келеді. Өткенде «Астана балетке» барғанымда да Jusan-ның демеуші болғанын білдім. Бұл — біз үшін үлкен құрмет. Мәдениет, өнер саласындағы жобаларды қолдап жүретініне қуаныштымыз. Алғысым шексіз, — деді кеш соңында Нұржамал Үсенбаева.
Кеш жайлы Jusan Bank-тың PR директоры Гаухар Керімова пікір айтты.
Біз елордадағы мемлекеттік филармониясымен әріптес екенімізді мақтан тұтамыз. Jusan Bank дарынды артисетрді қолдау арқылы еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуына үлесін қосып жатыр. Нұржамал Үсенбаева – әлемдік сахналарда талай рет өнер көрсеткен Қазақстанның опера өнері тарихындағы ең жарқын тұлғалардың бірі. Қазақстандық көрермендер оның орындауында әлемдік және қазақ классикасының жауһарларын тыңдау мүмкіндігін алды, – деді Jusan Bank-тің PR директоры Гаухар Керімова.
Жадыра Аққайыр