Батысқазақстандық майдангер «Халық қаһарманы» атанды

Жеңіс күні мерекесі қарсаңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығымен батысқазақстандық Отан соғысының ардагері Иван Степанович Гапичке «Халық қаһарманы» атағы берілді.

8 мамыр күні өткен салтанатты рәсімде еліміздің ең басты наградаларының бірін ардагерге өңір басшысы Нариман Төреғалиев тапсырды.

Жайық өңірінің қадірлі азаматтарының бірі ретінде Президенттің атынан осы марапатты тапсыруға рұқсат етіңіз. Сіз біз үшін өшпес ерліктің, жеңіске деген жігердің, соғыстан кейінгі еселі еңбектің жарқын үлгісі болып қала бересіз. Мықты денсаулық пен жетістік тілей отырып, өзіңізді және облыстағы өзге де соғыс ардагерлерін Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын, — деді Н.Төреғалиев.

Биыл ғасырлық мерейтойын тойлаған Иван Степанович Гапич Ақмола өңірінің тумасы. 1941 жылы өз еркімен сұранып, майданға аттанып, Польшаны, Чехословакияны, Украинаны, Прибалтиканы, Шығыс Пруссияны неміс басқыншыларынан тазартуға қатысқан. Мәскеу мен Смоленск түбіндегі шайқастардың бел ортасында жүрген. Жеңісті Кенигсбергте қарсылаған.

Майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, III дәрежелі Даңқ ордендерімен және көптеген медальдармен наградталған. 1945 жылдың 24 маусымында Мәскеудің Қызыл алаңында өткен тұңғыш Жеңіс парадына қатысушы.

Соғыс аяқталғаннан кейін елге оралып, 1947 жылы Алматы заң институтына оқуға түседі. Оны бітіргесін табан аудармастан 40 жылға жуық уақыт прокуратура органдарында еңбек еткен. Аудан прокурорының көмекшісінен бастап, Көкшетау облысының прокуроры дәрежесіне дейін өскен. 1966 жылы Батыс Қазақстан (Орал) облысы прокурорының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалып, осы жерде 20 жыл жұмыс істеп, 1986 жылы зейнет демалысына шыққан. «Құрмет», II дәрежелі «Даңқ» ордендерінің, «Құрметті прокуратура қызметкері» төсбелгісінің, I, II, III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарының иегері. 2013 жылдан «Орал қаласының құрметті азаматы».

Салтанатты рәсімде сөз алған Иван Степанович Гапич өзіне көрсетілген аса зор құрмет үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.

Жүз жылға созылған менің ғұмырым әрине үлкен мерзім. Өкінішке қарай, Отан үшін, жарқын келешек үшін майдан даласында қан төккен, еңбекте тер төккен көптеген замандастарым бұл күнді көре алмай кетті. Маған көрсетілген құрмет үшін Мемлекет басшысына ризамын, баршамызға ашық аспан мен береке-бірлік тілеймін!, — деді майдангер өз сөзінде.