Үкімет тапсырмасы бойынша өткізу пунктеріндегі өткізу қабілетін арттыру және қазақ-өзбек шекарасында жүктер мен көлік құралдарын тасымалдау процесстерін оңтайландыру бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Бұл туралы мемлкеттік кірістер комитеті хабарлады.
Мемлекеттік кірістер комитеті, шекара қызметі және ҚР сыртқы істер министрлігінен жасақталған ведомствоаралық жұмыс тобы қазақ-өзбек шекарасына барды. Олар көршілес мемлекеттің уәкілетті мемлекеттік органдарымен жедел жиын өткізді. Мәселесі күрделі аймақтар тізбесі түзілді, сонымен қатар тараптар шекарадағы кептелістер бойынша проблемалы аспектілерді жедел шешу бойынша тиісті кешенді іс-шаралар қабылдады.
Атап айтқанда, көліктер ағымын қайта бөлу жүзеге асырылды (олардың айтарлықтай көлемі реконструкцияланған «Б. Қонысбаев» өткізу пунктіне жолданды), өткізу пунктері күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды, шекара арқылы автокөліктердің өтуі бойынша бақылау операцияларын жылдам жасау үшін кеден бекеттерінің штаты қайта жасақталды. Мемлекеттік кірістер комитетінің бас диспетчерлік басқармасы жүктерді шығару үшін тәулік бойы жұмыс режиміне көшті.
Қос бағытта жүктер мен көлік құралдарын қабылдауды арттыру және шекарада бақылау операцияларын жылдам жүргізу бойынша көрші тараптың мемлекеттік органдарымен келіссөздер жүргізілді (кеден, шекара және басқа да қызметтер). Жұмыс тобы жақын күндері барлық өткізу пунктерінің жұмыс барысын екі тараптан да бақылайды. Өзбекстанмен шекарадағы өткізу пунктерінің өткізу қабілетін және тауар айналымын арттыру бойынша жұмыс жалғасады, — делінген хабарламада.