Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған шағын құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ақорданың мәліметінше, кездесуде Қазақстан президенті Түркия басшысының мемлекеттік сапарының маңызына тоқталып, оны тарихи оқиға деп атады.
Бұл сапар елдеріміздің ынтымақтастығына үлкен серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Екі ел арасында тек достық, бауырластық және мәңгілік серіктестік қарым-қатынас қалыптасқан, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы былтыр Анкараға жасаған ресми сапарын еске алып, стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның бесінші отырысында маңызды шешімдер қабылданғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, бүгін кеңестің алтыншы отырысы мен ауқымды бизнес форум өтеді.
Қазақстан президенті Түркиядан Астанаға үлкен делегация келгенін атап өтіп, бұл сапар екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді.
Режеп Тайип Ердоған Қазақстан тарапына көрсетілген құрмет үшін алғыс айтты.
Түркия президенті қазақ шекарасынан кірген сәттен бастап делегацияны арнайы әскери ұшақтар қарсы алып, алып жүргенін ерекше атап өтті.
Бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін тигізеді деп сенемін, – деді Ердоған.
