Премьер-министр Әлихан Смайылов экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді.
Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Үкімет басшысы «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС-нің 50% үлесін мемлекет меншігіне, яғни Атырау мұнай өңдеу зауытына беру аяқталғанын айтып өтті.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының тиісті шешімі заңды күшіне енді. Әлихан Смайылов кәсіпорынның қалыпты режимде жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұдан бөлек, денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық қызметтерді көрсету нарығында бәсекелестікті дамыту шаралары қарастырылды. Бүгінде нарықтың 80%-інен астамын «Даму» АТО» ЖШС-іне тиесілі Damumed жүйесі қамтиды.
Республикалық деңгейде медициналық ақпараттық жүйелер арасында деректер алмасудың толыққанды тетігінің болмауы нарықта бәсекелестікке жатпайтын жағдайлар тудырып отыр. Салдарынан қазақстандық медициналық ұйымдардың бір медициналық ақпараттық жүйеден басқасына ауысуы қиынға соқтырады.
Осыған байланысты «Даму» АТО» ЖШС-і экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның биылғы 27 сәуірдегі тапсырмасын орындау аясында «Е-Денсаулық» жүйесі базасында бірыңғай республикалық медициналық деректер қорын құру және медициналық ұйымдар арасында ақпарат алмасу үшін Damumed деректер қорын денсаулық сақтау министрлігіне берді.
Әлихан Смайылов «Е-Денсаулық» жүйесін құру бойынша жұмысты жеделдету және осы саладағы реттеудің тиімділігін арттыру үшін заңнамалық түзетулер дайындау қажеттігін айтып өтті.