«Қазақстанның жас ғалымдары» жобасының демеушісі — «Kcell«. «Кселл» АҚ ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания болып табылады.

Үш бағытта зерттеу жүргізіп жүрмін

Шерзат Шермет, жас ғалым
©SZH.kz

Біріншісі – психологиялық бағытта. Себебі, менің мамандығым – инженер-педагог. Қазір көп жастар оқу бітірген соң, мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Осының себебін зерттеп жатырмын. Жетекшім – Әбдиева Ғазиза Ілиясқызы.

Біздің қоғамда түлектер мамандығын ата-аналарының қалауымен таңдайды. Ал ата-аналар баларының бастық болғанын қалайды. «Қазақстандықтар үшін кресло маңызды» деп бекерге айтпайды. Сол себепті балалар өзі сүймеген мамандыққа оқуға түседі, қызығушылығы оянбаған соң, дұрыс оқымайды. Сосын диплом алса да, бұл салада жұмыс істегісі келмейді. Қорытынды: әрбір пайдасыз қалған диплом – ата-ананың бала кездегі орындалмаған арманының құрбаны. Сондықтан, ата-ана балаларының арманына балта шауып, қаламаған оқуына жібермесе екен.

Ескі диірмендерді су-электр станцияларына айналдырғым келеді

Екінші бағытым – энергетика саласында. Ескі диірмендерді су-электр станцияларына айналдырғым келеді. Қазір қолымда дайын жоба бар. Жақында студенттердің ғылыми жұмыстарының республикалық конкурсынан үшінші орын алды. Бұл жұмысты оқушы кезімнен Сырлыбаева Гүлдария деген физика пәнінің мұғалімінің бастауымен қолға алған едім. Кейін университетке келген соң, Рахат деген ағамызбен жалғастырып жатырмын.

Шерзат Шермет, жас ғалым
©SZH.kz

КСРО кезінде ұнды су диірмендері арқылы тартатын. Қазір оларды ешкім қолданбайды, қараусыз қалып кетті. Соның бірі – өзімнің туған жерім – Созақ аудынындағы 1991 жылы салынған су диірмені. Оның әрқайсысының салмағы 90 килограмм шамасында болатын екі тасы бар. Осы екі тасты генератордың қалақшасы емін-еркін айналдыратын. Демек, су ағыны өте жақсы жолға қойылған. Су жинайтын көлемі де үлкен емес, бір үйдің аумағындай ғана. Осында су жиналып, арнайы екі құбыр арқылы төменге қарай ағады. Сонда кезде ағыс қатаяды да, қалақшалар тез айнала бастайды. Бұл су қайдан келеді дейсіз ғой? Кәдімгі Қаратаудан бастау алатын Жайылма өзенінің суы.

Шерзат Шермет, жас ғалым
©SZH.kz

Біз осының бәрін зерттеп, егер оны су-электр станциясына айналдырсақ, қанша энергия алуға болатын болжап көрдік. Есептеуімізше, секундына 38 киловатт энергия өндіруге болады екен. Ол жылға шаққанда, салыстырмалы түрде бір облысқа жетерлік энергияны қамтамасыз ете алады деген сөз. Әрине, есептеуімізде қателіктер кетуі мүмкін. Оны мамандарға тексертіп көрмекпін. Себебі, бұл теориялық тұрғыдан идеалды есептеу болуы мүмкін. Алайда, шынайы диірменді СЭС-ке айналдырған кезде, нәтиже өзгеріп кетуі ықтимал.

Бұл станцияның қоршаған ортаға ешқандай зияны болмайды. Себебі, оған Шардара, Көксарай сияқты үлкен су қоймасы қажет емес.

Мен бұл жобаны 11-сынып оқып жүргенде, сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасарына ұсындым. Ол қолдаған болатын, алайда мен оқуға кетіп едім, аяқсыз қалды. Жобаны толығымен аяқтаған соң, қайтадан бір ұсынып көремін.

Оны біздің ойымыздағыдай жасап шығу үшін 10 миллион теңгедей қаражат керек екен. Алайда, бір қорқынышым бар. Біз Қаратаудың баурайында тұрғандықтан, көктемде су шайып кетпей ме екен? Сондықтан оны іске асыру кезінде төтенше жағдай қызметкерлерімен ақылдасуым керек.

Мұнай қалдықтарынан пайдалы заттар алғымыз келеді

Ал енді үшінші бағытым – химия. Мен оны енді бастап жатырмын. Жетекшім – Абдикаримов Малик Нығманұлы. Екеуіміз мұнайдың химиялық қалдықтарын зерттеп жатырмыз. Біздің еліміздегі мұнайдың құрамында парафинді күкіртті қосылыстар өте көп. Соның есесінен қалдықтар тіптен көп төгіліп жатыр. Мысалы, қазіргі таңда Каспий өңірінің өзінде 125 кен орны бар. Олар жыл сайын бірнеше тонналап мұнай қалдықтарын төгіп жатыр. Мысалы, бір кездері Зеленов ауданында 816 шаршы шақырымға өнеркәсіптік қалдық төгілген… Байғанин ауданында да солай… Каспий теңізіне де мұнай төгіліп жатыр… Жаңаөзенде мұнай қалдықтарынан өрт шыққан… Бұның қоршаған ортаға зиянын айтпаса да түсінікті шығар.

Химия, мұнай қалдықтары
©SZH.kz

Ол қалдықтардан парафин шөгінділері жиналып қалады. Осыны зерттеу үшін Құмкөл кен орнының мұнайларын алдық. Соларды зерттей келе жетекшім спорт алаңдарына төселетін битум жасап шығарды. Ал, елімізде ондай заттардың бәрін шетелден сатып алады.

Химия, лаборатория
©SZH.kz

Біз мұнай қалдықтарын өңдей отырып, осындай пайдалы заттарды шығарсақ дейміз. Бұл жобаны әлі ешқайда ұсынбадық. Тек осы туралы мақалалар жазып, халықаралық конференцияларда қорғадық.

Менделеев айтқан ғой, «Химияда қалдық жоқ, тек қана өңделмеген шикізат бар». Оның нәтижесінен басқа да заттар алуға болады. Елімізде, білесіздер, жол мәселесі өзекті болып тұр. Оған неге битумды төсемеске?

Ғылымдағы алғашқы қадам

Мен Созақ жалпы орта мектеп-гимназиясында оқығанмын. 6-сыныптан бастап ғылыми жұмыстарға араластым. Ең алғашқы жұмысым аудандағы Ертай Аманжолов деген ақынның шығармашылығын зерттеуден басталды. 7-сыныпта дыбыс толқындарының адам психикасына әсерін зерттедім. Ол облыстық ғылыми жобалар сайысынан «Зерттеуші жас ғалым» деген номинацияны алды. Университетке келген соң, ол туралы  ғылыми мақала жаздым.

Әуенді медицина немесе «Моцарт эффектісі»

Ендігі мақсатым – әуенді медицинаны дамыту. Мысалы, француз актері Жерар Депардье бала кезінде есте сақтау қабілетінің төмендігінен зардап шеккен екен. Сосын оған дәрігерлер күніне 2 сағаттан Моцартты тыңдауға кеңес берген. Нәтижесінде Депардье жазылады. Бұл тәсіл ғылымда «Моцарт эффектісі» деп аталады. Демек, әуеннің медицинада орны бар. Алдағы уақытта осыны да зерттегім келеді.

Жасыл энергиялы контейнер шығаруға серіктес керек

Қазіргі таңда күн энергиясынан жылынатын тамақ контейнерлерін шығару туралы ойым бар. Менде идея көп (күлді). Қазіргі кезде адамдар қайтеді? Жұмысқа әкететін асын түнде пісіріп қояды. Ал оны жылытатын қысқа толқынды пеш барлық жұмыс орындарында бола бермейді. Мысалы құрылысшыларды алайық. Кез келген құрылыс нысанында ондай жағдай жоқ. Ал мен шығаратын контейнер күн энергиясынан жылынатын болады. Қазіргі кезде термо-контейнерлер бар ғой деуіңіз мүмкін. Алайда, оларға тамақты кешке ыстық күйінде салып қойып, таңертеңге дейін сол температурамен тұра берсе, ашып кетуі ықтимал. Ал менің контейнерімде оны тоңазытқышқа қойып, ертеңінде оп-оңай жылытып аласыз. Бұзылмайды.

Бірақ, оның бір қиыншылығы бар. Мен тоқтармен жұмыс істей алмаймын. Үнемі бір нәрсесі дұрыс жалғанбай қалады (күліп). Сол үшін жаныма осыны білетін бір серіктес керек. Сол кезде нақты іске асыра аламыз.

Шерзат Шермет, жас ғалым
©SZH.kz

Әл-Фарабиге еліктеймін

Байқап отырсаңыз, мен бірнеше жобамен бір уақытта айналысып жатырмын. Зерттеп жүрген үш бағытымның біріншісі – менің хоббиім, екінішісі – қызығушылығым, үшіншісі – міндетім. Маған жастармен жұмыс істеген ұнайды. Сондықтан олардың психологиясын зерттеймін. Екіншіден, Қазақстанда су-электр станцияларын жасауға жағдай керемет, тек пайдалану керек. Үшіншіден, мені мемлекетіміз грант бөліп оқытып жатыр ма, демек мен де оған қандай да бір үлес қосып, қайтаруым керек. Ол менің міндетім.

Бұның бәрі бала кезімнен әл-Фарабидің еңбектерін оқып, оның жан-жақтылығына еліктегенімнен болар. Болашақта тек бір ғана бағытқа түсетін шығармын.

Ғылымда бәрі бірден бола салмайды, меніңше. Асықпай зерттеу керексің. Елдің бәрі Ньютон емес, басына алма құлай салатын.

Қазақстанда ғылымға жағдай жасалған

Мен 1-курста ғылыммен айналысуға елімізде ешқандай жағдай жасалмаған деп ойлайтынмын. Қазір көзқарасым өзгерді. Себебі, міне, лабораторияны көріп тұрсыз. Барлық құрылғылар бар. Олар жұмыс істейтін иесін күтіп тұр. Біздің университетте жалпы 262 ғылыми лаборатория бар, қателеспесем. Олардың ішінде сирек кездесетін құрылғылар да бар. Сондықтан, Қазақстанда ғылыммен айналысуға жағдай бар.

Шетелге кетпеймін

Шетелге жұмыс істеуге шақырса, бармаймын. Себебі, 9-сыныпта бір рет Мәскеуге шақырған. Сондағы физика-математикалық жазғы мектепке оқуға барған едім. Дыбыс толқындарымен жұмыс туралы жобамды көрсеткенмін. Ұстаздарым қызығып, менің қалуымды ұсынды. Бірақ мен оралдым. Себебі ата-анаңмен, жақындарыңмен бір жерде тұрып, сүйген ісіңмен айналысқанға жетер не бар? Мен шетелге кетпеймін, сенімдімін. Өйткені мен үшін ең бастысы – ата-анам. Оларды қиып тастап кетпеймін. Ата-анам үшін Қазақстан – туған өлке. Бәйтеректі бір жерден жұлып алып, екінші жерге отырғызсаң, өнбейді ғой, сол сияқты оларды атамекенін қозғағым келмейді.

Шерзат Шермет, жас ғалым
©SZH.kz

Мен оқуға кеңес беретін кітаптар:

  1. «Сделай себя сам»
  2. «Біздің президент». Бізге оны Назарбаев орталығы сыйға берген. Кітап тұнып тұрған мотивация. Жұмысын металлургтан бастап, ел басқаруға жеткенінің өзі неге тұрады? Барды бар деп көрсетуіміз керек.

Мен үшін ғалым деген – қоғамға өзінің зерттеулері арқылы пайда әкелетін тұлға.  Менің де осы салада, Абай атамыз айтпақшы, «Болмасақ та ұсқап бағуға» тырысып жүрген жайым бар.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқытсуреттер  Ақжарқын Қыдырханова

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.