Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Бұл туралы ұлттық тестілеу орталығы хабарлады.
Негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш қабылдау 28 сәуірде басталған еді. Талапкерлер 14 мамырға дейін өтініш беріп болды. Тіркеу testcenter.kz сайтында жүргізілді. ҰБТ өткізу мерзімі — 16 мамыр мен 5 шілде аралығы, — делінген хабарламада.
Түлектер 28 сәуір мен 6 мамыр аралығында ҰБТ-ның бірінші мүмкіндігіне, 7 мамыр мен 14 мамыр аралығында екінші мүмкіндігіне өтініш берді.
Тестіленушілер ҰБТ-ға тіркелу кезінде тестілеудің өтетін орнын, күнін және уақытын өздері таңдайды. Талапкерлер аталған кезеңде тестіні екі рет тапсырып (екі сертификат та жарамды), ең үздік нәтижемен білім гранты конкурсына қатыса алады.
Бұл ҰБТ-ға кімдер қатыса алады: 2023 жылғы мектеп және колледж түлектері, мектеп және колледждің былтырғы түлектері, шетелде 11(12) класс білім алушылары, қандастар, шартты түрде оқып жатқан студенттер.
Биылғы мектеп түлектері ҰБТ-ға тегін қатысады, қалғандары үшін тестілеуге қатысу құны – 4 230 теңге.