Зейнетақы қорындағы қаражат қандай жобаларға аударылды?

Астанадағы MEGA

2016 жылы «Қазақстанның Даму банкі» «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» 15 млрд теңге (45 млн АҚШ доллары) алғанын жазған еді. Бұл қаражат Астанадағы MEGA Silk Way сауда ойын-сауық орталығының құрылысына жұмсалған.

Алайда, бұл құрылыс көпшіліктің наразылығын тудырды.

«Халық банктің» басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова:

«Бұл ақшаны қандай да бір ойын-сауық орталығын салуға емес, аурухана, тұрғын үй, әуежай, жол құрылысына жұмсау керек еді. БЖЗҚ қаражатын аударатын кезде де объектінің қоғамға қажеттілігіне, маңыздылығына назар аударған дұрыс».

«Бузгул Аурум» ЖШС

2016 жылдың соңында БЖЗҚ басшысы «Бузгул Аурум» ЖШС-ға 5 млрд теңге (15 млн АҚШ доллары) аудырғаны баспасөз беттерінде жарияланды. Қор бұл қаражатқа алтын қазу компаниясынан жылдық мөлшері 19 пайыз болатын құнды қағаздарды сатып алған. Бұл келісімге Ұлттық банк басшылығы күдікпен қарап, нәтижесінде қаржы реттеушісінің өкілдері құқық қорғау органдарына арыз түсірген еді. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.

Жоғары вольтты желілер құрылысы

Бұл — «Солтүстік — Шығыс — Оңтүстік» жоғары вольтты желілерін салу жобасы. Құрылыс зейнетақы қорынан алынған 47,5 млрд теңгеге  (152 млн АҚШ доллары) басталған еді. Алайда, «Самұрық-Қазына» топ-менеджері Берік Бисенғалиев Үкімет отырысында жобаны аяқтау үшін қосымша 36 млрд 300 млн теңге (109 млн АҚШ доллары) қажет екенін алға тартып, БЖЗҚ-дан тағы қаражат сұрады.

Десек те, топ-менеджердің бұл ұсынысы қоғам назарына іліге қойған жоқ.

Көмір вагондарын сатып алу

Осы жылдың ақпан айында ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау «Қазақстан темір жолына» темір жол вагондарын өндіру үшін зейнетақы қорынан 50 млрд теңге (140 млн АҚШ доллары) алу қарастырылып жатқанын айтқан болатын.

Бұл қаражатты сұрауға Тау-кен өндірісі мен металлургия кәсіпорындары республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовецтің көмір тасуға вагон жетпей жатқанын айтуы себеп болған еді. Оның айтуынша, 2016 жылдың қараша және желтоқсан айларында «Арселор», «Богатырь», «Қазақмыс» пен «Шұбаркөл» көмір компаниялары халыққа жететін көмір өндірген, алайда оларды жер-жерлерге тасуға вагон жетпей қалған.

Вагондар үшін БЖЗҚ-дан қаражат сұралғанын естіген жұрт тағы да қарсы шықты.

Міне, зейнеткерлердің қаражаты осындай жобаларға аударылып кетіп жатыр. Дегенмен, салынған қаражаттан халыққа қайыр болса жақсы.

Дереккөз365info.kz