Ұлы Жеңіс күніне орай, М.Әуезов университетінің жанынан құрылған «Өркен» студенттік театры драматург Д.Исабековтың «Тыныштық күзетшісі» спектаклін сахналады.
Спектакль сұрапыл соғыс жылдарындағы қазақтардың тылдағы ерен еңбектері мен ерліктері туралы қозғайды.
«Тыныштық күзетшісі» драмасы әйел қауымының иығына түскен ауыртпалық, қиындыққа көніп туған, ерте есейген балалардың көрген азабы, тылдағы еңбек, бүкіл ауылдың үрейін ұшырса да, тыныштығын күзеткен Демесіннің аянышты тағдырын суреттейді.
Жалпы “Өркен” студенттік театрының репертуарында 50 ден астам қойылым бар. 2010 жылы ашылған театр көптеген республикалық жүлделердің иегері.
2021 жылы Түркістанда өткен Халықаралық «Turkestan Music» фестивалінің бас жүлдесін иеленсе, жақында ғана Алматы қаласында өткен Республикалық «Сахна және актер» фестивалінің жеңімпазы атанды. Сайыста студенттер Мұхтар Әуезовтің “Көксерек” шығармасын қойылымдаған.
Сонымен қатар “Ең үздік әйел образы”, “Ең үздік режиссура”, “Үздік режиссер” номинацияларын да Әуезов университетінің қанжығасында.
Театрдың жастары жыл сайын Алматы қ.Т.Жүргенов ат.Өнер академиясындағы Олимпиадаға қатысып, лауреат атанып жүр.
Қазіргі күні театр Шымкент қаласының көрерменіне М.Әуезовтың «Көксерек» спектаклін сахналауды жоспарлап отыр.