Бішкекте City Health халықаралық конференциясы аясында есірткіге тәуелділігі үшін түрмеде отырған азаматтарды әлеуметтік жұмысқа тарту тақырыбы талқыланды. Эксперттер бұл практиканың қылмыс санын азайту үшін қаншалық тиімді екеніне қатысты ой айтты.
Түрмеде отырып шыққан азаматтарға жұмысқа тұруға не үшін көмектесу керек?
Британдық эксперт Дэвид Макинтош 20 жылдан астам есірткі және ішімдік саясаты саласында істеген. Ол бұл жолы есірткіге тәуелді болғандықтан түрмеде отырып шыққан азаматтарды жұмысқа тарту қаншалық маңызды екеніне тоқталды.
Есірткіге тәуелді болғандықтан түрмеде отырып шыққандарды бостандыққа шыққаннан кейін қолдау өте маңызды. Өйткені олар біршама уақыт қауіп аймағындағы адамдар болып есептеледі. Қайта нашақорлыққа салынып кетуі мүмкін. Сондықтан әлемде оларды бірден іске араластыру мақсатында әлеуметтік жұмысқа тарту практикасы жүзеге асырылып жатыр, — дейді Дэвид Макинтош.
Эксперт осылайша қылмыстың қайталану ықтималдығын қысқартуға болады дейді.
Түрмеде отырып шыққан азаматтарға жұмысқа тұруға көмектессек, олардың қайта есірткіге салынуын немесе басқа да қылмыс жасау ықтималдығын 50%-ке қысқартамыз. Жазасын өтеп шыққан азаматтар әлеуметтік қызмет жайлы біліп, кейін енді бостандыққа шыққан азаматтарға, есірткіге тәуелді болғаннан қиналып жүрген азаматтарға көмектеседі, олардың қоғамға сіңісіп кетуіне жәрдем береді. Жұмыстың мәні — осы, — дейді эксперт.
«Қазақстанда әлеуметтік қызметке дайындайтын факультет жоқтың қасы»
Әлеуметтік қызмет бойынша PhD маман, Қазақстанның кәсіби әлеуметтік қызметкерлер альянсының жетекшісі Динара Есімова да осы тақырып бойынша ой айтты.
Ол әлеуметтік қызметке бұрынғы қылмыскерлерді тарту елде арнайы институттардың болмағанынан дейді. Мемлекет арнайы институттар ашса, азаматтар «әлеуметтік қызметкер» деген мамандық алып шығар еді. Ал қазір елдегі әлеуметтік қызметкерлер көбіне Қазақстанның кәсіби әлеуметтік қызметкерлер альянсы ұсынған курстарды оқып шығады.
Есірткі қылмысы бойынша түрмеде отырып шыққан азаматтар әлеуметтік қызметке оларды қоғамдастыру үшін тартылады. Бірақ бұл — көп елде әлеуметтік қызметкер жетіспегеннен қолға алынған амал. Ош пен Бішкек университеттерінде әлеуметтік қызметке дайындау кафедрасы мен факультеттері бар. Ал Қазақстанда әлеуметтік қызметке дайындайтын факультет немесе кафедра жоқтың қасы. Гумилев атындағы ЕҰУ-да ғана осындай факультет бар екенін білемін. Бізде әлеуметтік қызмет институты да жоқ, — дейді эксперт.
Динара Есімова қазір әлеуметтік қызметкер түсінігі өзгергенін айтады.
Қазір елдегі әлеуметтік қызметкер түсінігі қате қалыптасып отыр. Қоғамдастыру мақсатында бұрынғы есірткі қолданған азаматтың есірткіден қиналып жүргендерге көмектесуі әлеуметтік қызмет емес. Бұл «аутрич-жұмыс» деп аталады, яғни «тең-теңімен» принципі бойынша жұмыс істеу. Мұның әлеуметтік қызметпен ортақ тұсы аз, — дейді ол.
Эксперт екі түсініктің ара-жігі ажыратылмағандықтан, әлеуметтік қызмет саласына жеткілікті дәрежеде назар аударылмай қалуы мүмкін екенін айтады.
Бұрынғы қылмыскерлерді әлеуметтік қызметкер еткен соң, оларға толық әлеуметтік қызмет негізін оқыту керек. Бірақ бұл экспресс курс негізінде оқып шығатын дүние емес. Мемлекет деңгейінде арнайы кәсіби мамандар дайындалуы қажет. Қазір жаңағы аутрич мамандардың өзі толық әлеуметтік қызмет негіздерін оқығысы келмейді. Бірде сондай бір қызметкерге трениң өтуді ұсынғанда «Өзім бұрын сол жолды жүріп өттім, қазір оларға (қылмыскерлерге) менің тәжірибемнен артық көмек жоқ» дейді. Әрине, олар нашақорлығын жеңді. Олар — мықты адамдар. Бірақ әлеуметтік қызметкер тек тәжірибесін бөлісіп, қылмыскерге түсіністікпен қарайтын адам емес. Бұл салада қызмет ету үшін теориялық білім мен үлкен психологиялық дайындық қажет. Біз жазасын өтеп шыққан азматтарды жұмысқа тартып, оларды әлеуметтік қызметкер атап кеткендіктен, бұл салаға жеткілікті көңіл бөлінбей келеді, — дейді Динара Есімова.
«Кәсіби білімі жоқ әлеуметтік қызметкер не өзіне, не өзгеге көмектесе алмайды»
Ол әлеуметтік қызметкер алдында отырған адамның қылмыскер екенін ұмытып, тең дәрежеде, оны тұлға деп сыйлап сөйлесе алуы керек дейді.
Әлеуметтік қызметкер бола тұрып біреуді жек көрмеу қиын. Бірақ адамды алалайтын кәсібилігі төмен мамандар көп. Әлеуметтік қызметкер деген кім? Түрмеде отырып шыққан адам болса да, қылмыскер болса да полиция немесе құқық қорғау органдарына онымен бірге барып, артында үндемей тұрып-ақ қолдау көрсететін, осылайша оған жалғыз емес екенін сезіндіретін адам. Адам полицияның сұрақтарына өзі жауап бере алмай жатса ғана әлеуметтік қызметкер араласады. Бірақ қазір әлеуметтік қызметкер болып жүргендер бұлай жұмыс істемейді ғой. Мұның бәрі академиялық тұрғыда дайындайтын институттар болмағандықтан.
Динара жазасын өтеп шыққан соң кәсіби білім алмай әлеуметтік қызметке кіріскен азамат өзіне де, басқаларға да көмектесе алмайды дейді.
Нашақорлық үшін жазасын өтеп, бостандыққа шыққан адамды әлеуметтік қызметкер ету үшін арнаулы білімді оқыту керек. Әйтпесе ол не өзіне, не өзгеге көмек бере алмайды. Сондықтан бұл практика қылмысты азайту үшін тиімді амал деуге келмейді, — дейді ол.
Динара Есімова Қазақстан мемлекет деңгейінде әлеуметтік қызметкер дайындауды қолға алуы керек дейді.
Германия жыл сайын тәуелділігі бар адамдармен жұмысістейтін 4000 әлеуметтік қызметкер дайындап отыр. Біз жылына тек 350 адам оқытып отырмыз, бірақ бұл да мемлекет деңгейінде емес. Қылмыс санын, жазасын өтеп шыққандардың қайта нашақорлыққа салынып, түрмеге оралу фактілерін азайтқымыз келсе, әуелі сол азаматтармен жұмыс істейтін сапалы әрі білікті маман әзірлеуге көңіл бөлуіміз керек, — дейді ол.
City Health International Conference – жыл сайын өтетін халық денсаулығы және зиянды азайту мәселелеріне арналған халықаралық конференция. Іс-шара биыл алғаш рет Орта Азия елінде өтті.