Ұлттық би халықтың болмысын, мәдениетін, тарихын сипаттайды. Сол себепті бидегі әр қимылдың астарында мән жатыр. 29 сәуір — Халықаралық би күні. Атаулы датаға орай, Baribar.kz хореограф Баян Құсаймен бірге қазақ, өзбек, үнді ұлты биінің әр қимылының мағынасын түсіндіріп берді.

Қазақ биі

Хореограф Баян Құсайдың айтуынша, кез келген халық ұлттық биі арқылы өз жұртының салт-дәстүрін көрсетуді мақсат еткен. Мәселен, қазақ халқы үшін аман-саулық сұрасу маңызды. Сол себепті амандасуды бидің бір элементі еткен. Мәселен, екі қолды алға созып, саусақтардың басын жоғары қаратады. Алақан ашылып, шынтағы сәл бүгіледі. Бұл қимыл «Сәлем» деп аталады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мұны түрлендіруге болады. Мысалы, біз биде әуелі қолымызды алға, кейін екі қолды екі жаққа жіберіп, құшағымызды жайып, сосын төбеден айналдырып, қайта алға созамыз. Осылайша, әуелі көрерменмен амандасамыз, оған қоса қимыл арқылы қазақтың құшағы кең халық екенін көрсетеміз, — дейді хорегограф.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Хореографтың айтуынша, қазақ халқы биінде қимыл көп. Соның бірі — «Сырға« қимылы.

Қазақ қыздары үшін қазақы нақыштағы сырғасы, білезігі, алқасы ерекше сән беретін, маңызды аксессуары саналған. Сол себепті биде «Міне, менің ерекше сырғамды байқадыңдар ма?» деген ерке арудың қимылы бар.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазақ үкіні қасиетті деп оның қауырсындарын жас нәрестенің бас киіміне, бесігіне таққан. «Құс қауырсыны сәбиді бәле-жаладан қорғайды, тыныш ұйықтауына көмектеседі» деп сенген. Кейін оны қыздар да, ерлер де әсемдік үшін тағатын болған. Сонымен қатар үкі — қызға құда түскенде оның айттырылған қалыңдық болғанының белгісі ретінде берілетін кәдесыйдың бірі. Қазақ қоғамы үшін үкінің рөлі маңызды болғандықтан, ұлттық биде «Үкі» деген қимыл бар.

Әдетте қазақша костюмнің бас киімінде міндетті түрде үкі болады. Дегенмен билегенде де үкіні қимылмен көрсетеміз. Екі қолымыздың білегін айқастыра қосып, үкі жасаймыз. Сосын қолымызды бас киімдегі үкіден де биік етіп жоғары көтереміз, — дейді Баян Құсай.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ал екі қолды екі жаққа жайып, шынтағын сәл бүгіп, алақанын төмен қаратып, саусақтарын бос ұстау — «Құс қанаты» деген қимыл.

Көшпенді қазақ ат үстінде шапқан, көкпар тартқан, құсбегі болған. Бір сөзбен айтқанда, жануарға жақын халықпыз. Сол себепті қазақ биінде жануарларға қатысты қимылдар бар. Мысалы — “Құс қанаты», «Ат шабысы», «Тізгін тарту» және тағы басқа, — дейді биші.

«Құс қанаты» қимылы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Баян Құсайдың айтуынша, кез келген қазақ биінде кездесетін қимыл «Сәукеле» деп аталады. Мұнда биші оң қолын басынан жоғары асыра көтеріп, сол қолының шынтағын бүгіп, көкірек тұсына иеді.

Бұл қимылды қыздар істегенде «Сәукеле» делінеді. Ұлдар дәл осы қимылды алақанын жұмып билесе, ат үстінде тізгін ұстағандай болып шыға келеді, — дейді хореограф.

«Сәукеле» қимылы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазақ биінде табиғат құбылыстары да бейнеленген: толқын, жел, найзағай және тағы басқа. Мұның ішінде ең иірімдісі — «Толқын». Биші алақанын ирелеңдету арқылы толқын жасайды. Толқынды көкірек тұсында немесе қолын екі жаққа жайып жасауға болады.

«Толқын» қимылы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұдан басқа қолға, аяққа қатысты қимыл көп: тізіліп жүру, ұлу тәрізді жүру, кербез жүріс, сақ жүріс, құбылма жүріс, кібіртік адым және тағы басқа. Олар әуен ырғағына, бидің мақсаты мен мазмұнына байланысты қолданылады. Кейбір би қазақтың тұрмыс салтын сипаттайды. Мысалы, қыздың айнаға қарағанын, іс тігіп отырғанын, киіз басқанын бейнелейді. Би тек көңіл көтеретін дүние емес, бір ұлттың болмысын айқын көрсететін өнер түрі, — дейді хореограф.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Өзбек биі

Қазіргі таңда өзбек биі классикалық және халық биі болып екіге бөлінеді. Ресми шараларда классикалық түрін билейді. Оның өзі аймаққа байланысты үшке жіктеледі: Хорезм биі, Бұқара биі, Ферғана биі. Әрқайсының өзіне тән ерекшелігі бар.

Хорезм биі — өте ырғақты, энергияға толы би. Бұқара биінде асықпай да, жылдам да қозғалады. Мұнда көбіне басқа, иыққа, мойынға, көкірекке ден қойылады. Ферғана биі — лирикалық, нәзік, иірімді би. Басқаларға қарағанда мұнда импровизация басым, — дейді хореграф.

Осының ішінен Баян бізге Хорезм биін көрсетті. Өзбек биінде ең әуелі оң қолын жүрегінің тұсына қойып, басын иіп амандасады.

Жүрек тұсына қойған соң қолын аспанға қарай көтереді. Осылайша, өзбек халқы олардың биі жүректен шығып жатқанын айтқысы келеді, — дейді Баян.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Оның айтуынша, Хорезм биінің екінші атауы — «Лязги». Сөзбе-сөз аударғанда «дірілдету, сілку» деген мағынаны береді. Мұнда қолды, саусақты, иықты сілкіп, дірілдетіп билейді, дененің барлық бұлшықеті қозғалады.

Бұрын өзбектер билеуді ұят санаған. Тіпті «биші қыздардың қолын білегіне дейін шауып тастаған» деген аңыз бар. Қазір заман өзгерді, адамдар мұның өнер екенін түсіне бастады, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Оған қоса олар билегенде тек қимылға емес, дыбысқа да мән берген. Бишілер саусақтарын шықылдатқан, арасында «һәй» деп барынша жіңішке етіп, дауыстаған.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Баянның айтуынша, өзбек биі ойнақы. Мысалы, қыздар алақанымен немесе жаулығымен жүзін ашып-жауып билеген. Осылайша, олар сұлулығын бір көрсетіп, бір көрсетпей, көрерменді еліктіріп отырған.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Хореографтың айтуынша, өзбекше биде қаншалық ұзақ шыр айналсаң, соншалық мықты бишісің.

Өзбектер де қазақтар сияқты би арқылы тыныс-тіршілігін, әсіресе қыз баланың өмірін көрсеткен. Сол себепті биде құмыра, кесе, қасық сияқты тұрмыс заттарын қолданады, — дейді Баян.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Үнді биі

Үнді фильмінің тең жартысында кейіпкерлердің билейтінін байқаймыз. Баянның айтуынша, оның маңызды себебі бар. Үндістер тек сөзбен емес, би арқылы да диалог құрады екен. Олардың әр қимылы бір сөзді білдіреді.

Олардың әр қимылының мағынасын айтсақ, кешті батырып, таңды атыруға болады. Сол себепті ең танымал бірнешеуіне тоқталайық. Әуелі олар екі алақынын біріктіріп амандасады. Бұл «Намасте» деп аталады. Сөзбе-сөз аударсақ, «Сәлем» деген мағынаға ие, — дейді биші.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Үнді биінің ерекшелігі сол, оны жалаңаяқ билейді. Жалаңаяқ билеу қимылды тура, еркін жасауға мүмкіндік береді.

Бұрынғы үндістер көбіне жалаңаяқ жүрген. Ол мәдениетіне де, экономика жағдайына да байланысты шығар. Нақтысын білмедім, дегенмен қазір биді жалаңаяқ билеу қалыптасып кеткен, — дейді биші.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазақтар жылқы, қошқар, ал үнділер жылан, тасбақа сияқты тропикалық жануарларды көріп өскен. Содан болар, олардың ең танымал қимылы — «Жылан». Биші бір қолын жоғары көтеріп, алақанын жыланның басы сияқты жасайды. Екінші қолы белінен төмен тұрады. Ол құдды жыланның жалғасы, құйрығы сияқты.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Бүркіт» қимылы да бар.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Төмендегі мына бір қимыл жемісті, лотос гүліне қонған араны білдіреді екен.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Үнді қыздары тәтті нан, су ұсынғанын да биге айналдырған. Олар алақанын біріктіріп, онда су бардай ұстайды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ал мына қимыл үндістер «бақ пен бақыт сыйлайды» деп санайтын Шива құдайының кейпін көрсетеді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сонымен бірге «Катака вартана» деген әрекет бар. Ол «тәж кию», «тұрмысқа шығу» деген мағынаны білдіреді.

Үнді қыздары әшекейге өте құмар. Қолына тізіп білезік, басына гүл тағып алады. Осы қимыл кезіндегі негізгі мақсатының бірі — сол әшекейін көрсету, — дейді Баян.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Үнді биінің тарихын оқысам, ондағы қыздар көбіне қимыл арқылы гүл, жеміс-жидек тергенін, үзіп алғанын бейнелейді екен. Оған қоса көзқарасы мен ниетін жеткізуге тырысады, — дейді хореграф.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
үнді биі, би
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кесе биі

«Кесе биі» ұйғыр және моңғол халқының ұлттық биі болып саналады. Дегенмен хореограф Баян Құсай оны қазақшалап билеп жүр екен.

Бала кезімде Қытайда тұрдым, онда ұйғыр танысымыз көп болды. Олардың мәдениетінен сәл болса да хабарым бар. Олардың «Кесе биі» ерекше ұнаған соң, оны қазақыландырып алдым, — дейді Баян.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл бидің негізгі идеясы — кесені басқа қойып, ұстамай, құлатпай билеу. Мұнда қимылдың ырғақты, жылдам болуы аса маңызды емес.

Бишінің тепе-теңдікті қаншалық жақсы ұстай алатыны «Кесе биінде» анық көрінеді, — дейді биші.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кесемен тек билеп қоймай, бірнеше мәрте айналу керек.

Бұл биді билеген сайын үстіме су төккендей тер басады. Қатты уайымдаймын, дегенмен осы күнге дейін кеселерім құлаған емес, — дейді Баян.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бір қызығы, ең астында тұрған кесенің ішінде су бар. Биші өнерінің соңында кеселерді біртіндеп қолына алып, соңғы кеседегі суды алдыңғысына құйып, ішінде су болғанын көрсетеді.

Кесе биі, би, қазақша би, ұйғыр биі, моңғол биі
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Баянның айтуынша, әр ұлттың биі ерекше және әртүрлі тәжірибе береді. Бірі тепе-теңдікті, бірі иірімді, бірі бет-жүз эмоциясымен жұмыс істеуді үйретеді.