Ештеңеге өкінбеймін

Талдықорған қаласының тумасымын. Осыдан 11 жыл бұрын Алматы қаласына көшіп келдім. Т.Рысқұлов атындағы Нархоз университетін программист мамандығы бойынша бітірдім. Оқу бітірген соң, жарты жыл мамандығым бойынша жұмыс істедім. Бірақ бір орында отырып жұмыс істей алмайтынымды түсіндім. Шыны керек, программист мамандығына анамның қалауымен түскен едім. Бүгінде анам: «сені Жүргенов атындағы өнер академиясына түсіруім керек еді», — деп өкінішпен еске алады. Бастысы қазір өз жолымды таптым және ештеңеге өкінбеймін. Ата-анам өнер жолын таңдағаныма қарсы емес. Керісінше, мені мақтан тұтады.

Би — менің өмірім. Болашақта балаларым осы жолды таңдаса, ешқандай да қарсылық білдірмеймін. Олардың өміріне араласып, шектеу қойып, шеңберде ұстамаймын.

Ердос Ұсабаев
Ердос Ұсабаев, ©Айгүл Хожантаева

13 жасымнан бастап биге қызықтым. Биге деген махаббатымды шетел әншілері Бритни Спирс пен Майкл Джексон оятты. Бимен кәсіби түрде айналыспадым, барлығын өз еркіммен үйрендім. Алғаш билеп жүргенімде, ютуб желісі болмайтын. «Шаг вперед» фильмі алғаш шыққан кезде, оны 50 рет қайталап көрген шығармын (күліп).

«Қазақ аруы», «Биле Қазақстан» жобаларының биін қойдым

Алғашқы би мансабым неден басталғаны есімде онша қалмапты. Студент кезімде факультеттер арасында өнер көрсетуден жарыс болып, біздің факультет гран-при жүлдесін ұтып алды. Содан ректорға қойған биім қатты ұнап, мені университеттің хореографы етіп қойды. Университетте болған барлық іс-шаралардың биін мен қойып жүрдім. Тіпті, университет аралық «Мистер ВУЗ» конкурсының жеңімпазы да атандым. Кейін «Биле Қазақстан» жобасына да қатыстым.

Инстаграм әлеуметтік желісі арқылы әртістердің көзіне түстім. Өзімнің қойған билерімді парақшама жүктеп отырдым. Сол кезде маған әншілер жекеге жазып, әндеріне би қойып беруімді сұрай бастады. Той әндеріне би шығармайтынымды бірден айттым. Ең алғаш Әнел Ариновамен жұмыс істедім. Одан кейін Сиви Махмуди, Ерболат Беделханның жетекшілігімен құрылған Ninety One тобы, Баян Мақсатқызының Kesh You тобы, Айдана Меденова, Кәмшат Жолдыбаева, Turkiss және «Джейран» топтарымен, “Juz Entertainment” компаниясымен жұмыс істедім. Кейбір әртістермен жұмысымды жалғастырып келемін. Сонымен қоса, «Қазақ аруы», «Биле Қазақстан» жобаларының биін қойдым.

Ердос Ұсабаев
Ердос Ұсабаев, ©Айгүл Хожантаева

Келісім-шартпен жұмыс істемеймін. Сөзіміз жараспаған жағдайда ол әртіспен жұмыс істеуден бас тартуым мүмкін. Бір биге 3 ай дайындалатын кездеріміз болады. Барлығы адамның өзіне байланысты. Turkiss тобымен жұмыс істеу қиынға соқты. Қыздардың биге икемдерін келтіруге көп күш жұмсадым. Ең еңбекқор, талантты әншілердің қатарында Кәмшат Жолдыбаева мен «Джейран» тобының қыздары деп айтар едім. Ninety One тобының «Айыптама», Kesh You тобының «Қалай ғана», «Неге», Камшат Жолдыбаеваның «Бірге», Айдана Меденованың «Айтшы тіке» және т.б. әндердің биін қойдым.

Ердос Ұсабаев
Ердос Ұсабаев, ©Айгүл Хожантаева

Мен тек қыздармен ғана жұмыс істеймін. Олармен жұмыс істеген әлдеқайда оңай. Ал Ninety One тобының жігіттерінің табиғаты бөлек. Олармен жұмыс істеген қызықты және еш қиындық тудырмайды.

Би жанрлары туралы

Өзіме қатты ұнайтын би жанры — джаз-фанк. Заманауи стильдегі 7 би түрін ерекше атап өткім келеді. Олар: хип-хоп, элей, дэнсхолл, локинг, вог, крамп және хаус. Джаз-фанк осы би стильдерінің қоспасы деп айтсақ болады. Мен классиканы түсінбеймін. Тіпті өзімді сол стильдің өкілі ретінде елестете алмаймын. Халық әндері, балет сынды бидің түрлері маған қызық емес. Мен меломанмын. Өмірімді музыкасыз елестете алмаймын. Мені шабыттандырып, би шығаруға рух беретін де — музыка. Өлеңді тыңдай отырып, оған қандай би қою керек және клиптің қандай болу керектігін толығымен елестетемін. Егерде ән маған ұнаса, идея да бірден туады. Той өлеңдерін санамағанда, мені кез келген ән шабыттандыра алады. Қазақ әндеріне қарағанда, көбіне шетел әндерін сүйіп тыңдаймын.

Ердос Ұсабаев
Ердос Ұсабаев, ©Айгүл Хожантаева

Биде ереже жоқ. Мүмкін белгілі бір шектеулі би түрлерінде, мысалы, классика жанрындағы балеттің өзіндік ережелері бар шығар. Бірақ заманауи бидің қатып қалған ережесі жоқ.

Биге байланысты қоятын талаптарым:

  1. Кешікпей келу;
  2. Сағыз шайнамау;
  3. Шаш жинайтын құрал болу;
  4. Міндетті түрде қыздар әтір қолдануы керек.

Қазақстандық әншілерге жаңашылдық жетіспейді. Олардың стилі мен хореографиясын дамыту керек. Біздің әншілер бір форматқа үйреніп алады да, өзгешелік енгізуге тырыспайды. Олар «халық дұрыс түсінбейді», «қабылдамай қояды» деп қорқады. Алғашында Ninety One тобына халық наразы болған еді ғой. Сол сияқты. Жалпы, қазіргі уақытта бір топқа би үйретіп жүрмін. Топ — биге қызығушылығы бар адамдардан ғана құралған.