Студент отбасылардың өмірі, көлдегі екі кеме іспеттес. Бірі – білім алып отырған оқу орны болса, бірі — жолдасы мен ата — енесінің көңілін табу керек үйі. Қызығы мен шыжығы басылмаған, албырт шақта тұрмыс құрғандардың тағдыры да әртүрлі.

Студент шағыңда студенттік өмірді көргенге не жетсін…

Тордағы торғай
Иллюстрация: Дмитрий Со

Соның бірі Әсел: «Мен 2-курс оқып жүргенде тұрмысқа шықтым. Алғашында, оқу мен үйді қатар алып жүру оңай болмады. Таңертең басталған сабағым кешке жақын бірақ аяқталатын. Кешкі ас даярлайтын уақыт жақындаған сайын, сағатқа сансыз  қарап, үйге асығып отыратынмын. Маңдайыма жазылған бақ шығар, ата- енем өте мейірбан жандар болды. Бәріне түсіністікпен қарады. Қолдарынан келгенше көмектесті. Бүгінде аяулы ана, сүйікті жармын. Ерте тұрмыс құрғаныма еш өкінбеймін. Қайта шаңырағымның түтінін түзу түтетіп отырғанымның өзі – менің үлкен жетістігім», – деді.

Отбасылық өмірдің қиыншылығын көп көрген Жұлдыз: «Университет табалдырығын аттаған жылы тұрмыс құрдым. Қиналған сәттерім көп болды. Үйдің тіршіліктеріне үлгере алмай, сабаққа дайындықсыз барғанда ұстаздарым «мен үшін отбасын құрған жоқсың» деп айтатын. Егер ата-анам қол ұшын бермегенде оқуды аяқтай алмас едім. Баланы бағып-қағудың өзі қиын болды. Бірақ бүгінде балам ер жетіп, қатарының алды. Маңдайма жазылған тағдырыма ризамын. Дегенмен, қыздарға оқуды аяқтаған соң тұрмысқа шығыңдар дегім келеді. Ерте тұрмыс құрсаң, өмір сені ерте есейтеді. Студент шағыңда студенттік өмірді көргенге не жетсін…»,  – деп ақылын айтты.

Өксікпен өткен жастық шақ

Жастық шақта теңін тауып, өмірге бірге аттанған соң, жас жұбайлар қандай қиын кезең болса да жеңіп шығуға міндетті. Бірақ, өмірдің сізбен біз білмейтін сырлары, қатал сындары тағы бар. Біріне отбасы бақытын бұйыртса, бірі ерте тұрмыс құрып тағдыр тауқыметін тартуда.

Тордағы торғай
Иллюстрация: Дмитрий Со

«Тағдырдың жазғаны шығар, мен ата-анамның жалғыз перзентімін», — деп бастады әңгімесін Айдана. «ЖОО-ның бірінде 1-курс оқып жүрген кезім. Жатақханада тұратынмын. Сессия аяқталып, бәріміз жаңа жылды қарсы алу үшін жиналатын болып келістік. Кешке 2-курс қыз-жігіттерінде шақырдық. Бәріміз күліп-ойнап отырған едік. Есіктен ұзын бойлы, аққұбаша келген сымбатты жігіт кіріп келді. Өзін Рүстем деп таныстырған азамат, жаныма келіп жайғасты. Осылайша, таныстығымыз махаббатқа ұласып, кездесе бастадық. Қыз бен жігіт болып жүргенімізге бір жыл толғанда «үйленейікші» деп ұсыныс тастады. Екеумізде студентпіз, қалай болар екен деп ойландым. Ол қаладан үй жалдап, қосымша жұмыс істейтінін айтып көндірді. Сонымен не керек, екеуміз отбасын құрдық. Ата-аналарымыз барынша көмектесіп тұрды. Алғашында бәрі жақсы болды. Бірақ арада біраз уақыт өткен соң, Рүстемнің мінезі өзгере бастады. Түн ортасында келуді әдетке айналдырды.  Қалт етсе, үй ішінен ақша сұрай беретін болды. Өзі жұмысқа орналасып, жауапкершілікті сезінуге асықпады. Осылайша жүргенде құрсағымда үш айлық балам барын білдім. Ай-күнім толып, дүние есігін қыз бала ашты. Екеуміз де студентпіз, бала кішкентай. Сабақтан қалуға болмайтындықтан нәрестем қырқынан шыға салып сабағымды жалғастырдым. Ата-енем егде жастағы адамдар болған соң, ауылдан анам келіп баламды қарауға көмектесті. Ал Рүстем болса қыдыруын тоқтатпады. Әке болып бір уақыт қызына қарасуды, үйге нан әкелуді де білмеді. Тіпті бір күні ащы суға сылқия тойып келіп, маған қол көтерді», – деп ауыр күрсінді.

Көзі жасқа толып, сөзін жалғасытырған Айдана: «Сол күннен бастап, өмірімдегі ең азапты күндер басталды. Анамның бар екеніне қарамай, аузына келгенін айтып балағаттайтын. «Ұл тумадың» деп жұдырығын ала жүгіретінді де шығарды. Сол кезде жастықпен ерте тұрмыс құрғаныма, болашақ жарымды толық тани алмағаныма қатты өкіндім. Арамыз күн өткен сайын суып, ақыры ажырасып тындық. Ол өз жөнімен кете барды. Жазғы демалысқа шыққанда, анам баламды ауылға алып кетті. Жақында үйге барып келдім. Қызым тәй-тәй басып жүр. Алғашында танымаған болу керек, дастархан басында жаныма келіп, көзін алмай қарап отырды. «Зерделім, бұл мен ғой мамаң» дегенде құшағыма емірене тығылды. Сәбиімнің пәк жанарына қарап, толыққанды отбасы жылуын сыйлай алмағандығыма кешірім сұрап, өксікпен жыладым», – деп өміріне өшпес із қалдырған жарасымен бөлісті.

Танымал американдық әлеуметтанушы мен психолог Констанция Аронс әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасатынын дәлелдеген. Бір АҚШ-тың өзінде жыл сайын 1 миллион отбасы ажырасады.

Камиша Есмұханбетқызы, заңгер:

Ажырасып жататындардың басым көпшілігі – жастар. Жастарымыз отбасы құруға дайын емес. Бір жылға жетпей, кейде тіпті үйленгендеріне екі ай болмай жатып ажырасатындар кездеседі. Олар отбасы құруға да, ажырасуға да өте жеңіл қарайды. Жастар жауапкершіліктен жалтаратын сыңайлы. Оның салдары жалғызбасты аналар мен тастанды балалар санының артуына себеп болып отыр. Жалпы, ажырасудың себептері көп. Мысалы, ер не әйелдің ішімдікке, есірткіге салынуы; күйеуі не әйелі жұмыссыз; жұбайлардың өмірге деген көзқарастары сәйкес келмеуі; көзге шөп салу; материалдық қиындықтар; бедеулік т.б сияқты.

Сонымен қатар, біздің елімізде ажырасудың себептерін ата-енемен тұру мен күйеу жақтың туған-туысқандары арасындағы қарым-қатынастар шиеленісімен т.б толықтыруға болады. Бүгінде қазақ отбасыларында келіннің ата-енесінен бөлек тұруын қалыпты жағдайға айналғанын көреміз. Бұл баласын аялап өсірген ана яғни қыздың енесі ұлын қызғанады немесе басқа да себептермен келініне күн көрсетпейтіні сияқты шиеленісті жағдайлардан пайда болады. Жігіттің ата-анасымен тұрған соң міндетті түрде арада түсініспеушілік, ұрыс-керіс болады. Кейбір ата-енелер екі жастың арасына түсіп те жатады. Немесе керісінше әйел күйеуіне таңдау жаса деп тікесінен ултьиматум қояды. Жалпы, өз басым ерте үйленгенді қолдамаймын. Жастар жастық шақта албырт болады. Бәрі өз қалауларымен болғанын қалайды. Ақыл тоқтатып, 25 жастан кейін үйленген дұрыс.

Деректерге сүйенсек, 2016 жылдың қаңтар-сәуір айында  39 682 неке заңдастырылған. 2017 жылдың қаңтар-сәуір айында 16 338 ажырасу фактісі тіркелген.

Әрине, қай ата-ана болмасын ұлын ұяға, қызын қияға қондырғысы келеді. Бірақ әр нәрсенің өз уақытымен болғанын қалайды. Жас кезінде тәтті өмір сүріп, жаңа өмірге дайындықпен барса дейді. Тағдырдың ащы тұстарына шыдап, бақытты ғұмыр кешкенін тілейді. Ең бастысы, шынайы өмір – шаңырақ көтерген соң басталатынын ұқса дейді. Сондықтан  «өмір» атты кеменің рөлінде өзіміз отырғанды ұмытпайық!