Ыстамбұлдағы қақтығыс кезінде Қазақстан азаматына оқ тиді. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
18 сәуірде Ыстамбұлдағы ҚР бас консулдығына біздің азаматтан қоңырау келіп түсті, ол өзіне оқ тигенін хабарлады. Консул дереу зардап шеккен азаматқа барып, оны жергілікті ауруханаға жеткізді. Медициналық тексеруден өтті, ота жасалады. Қазір жерлесіміздің жағдайы тұрақты, — деді Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, жерлесіміз жарақат алған кезде қасында әйелі болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, отандасымыз жергілікті азаматтар арасындағы атысқа кездейсоқ тап болған. Ол өздігінен кетіп бара жатқанда оқ тиген. Бүгінде полиция оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр, — деді ведомство өкілі.